«Балам-ай» мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту орталығы маңызды көмек көрсетуде
Аталмыш шараға «Астана қаласының мүгедек балалар қоғамының» төрайымы Камқа Жасанова, «Бота» қоғамдық қорының грант-менеджері Нағима Жүрбекова , «Балам-ай» дамыту ортылығының басшысы Бәтима Әубәкірова, әлеуметтік қызметкерлер және ата-аналар қатысты.
Ерекше мұқтаждықтары бар мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін қоғамдық қызметтердің сапасын арттыру мен ата-аналарға психологиялық көмек көрсету мақсатында қолға алынған арнайы жоба шеңберінде ерекше санатқа жататын балалардың өзекті мәселелерін шешудің жолы ретінде мамандандырылған «Балам-ай» орталығы құрылған болатын.
Өз жұмысын 2010 жылдың сәуір айынан бастаған арнайы орталық - мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін қызмет көрсететін Астанадағы бірегей мекеме. Орталық жұмысына психолог мамандар, дефектолог-дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер тартылған. Бүгінгі күні орталық 100-ге тарта балаға әлеуметтік қызмет көрсетеді.
«Балам-ай» орталығының қызметкерлері мен ата-аналардың бірлескен жұмысы нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамға бейімделу мен дамудың, оқу мен шығармашылық тұрғыдан өсудің мүмкіндігіне ие болып отыр, сондықтан да аталған орталықтың қазіргі таңдағы қоғамдық маңызы айрықша жоғары.
«Қоғам мен арнайы мекемелердің бірлескен шаралары мүмкіндігі шектеулі балаларға қажетті әлеуметтік қызмет инфрақұрылымын қалыптастыруға септігін тигізеді», - деді Қамқа Жасанова.