Балама энергетиканы дамыту зор инвестицияны талап етеді - Ә. Мағауов

АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанда балама энергетиканы дамыту зор инвестицияны талап етеді.

Балама энергетиканы дамыту зор инвестицияны талап етеді - Ә. Мағауов

Бүгін елордада VI Астана экономикалық форумы аясында өткен «ЭКСПО-2017: Болашақ энергетикасы және оның өмірге әсері» атты баспасөз мәслихатында «KAZENERGY» қазақстандық мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры Әсет Мағауов осылай мәлім етті.

Ә. Мағауовтың айтуынша, былтыр Қазақстанның энергетика саласының 2030 жылға дейінгі даму перспективалары туралы шолу әзірленген. Бұл ретте энерготиімділік бағытында іске асырылатын шаралар жоспарына үлкен қорлар қамтылған. Экология бағытындағы іс-шаралар ауқымын жүзеге асыру мәселелері бойынша да біршама сұрақтар баршылық. «Бұл ретте біз энергетиканың балама көздерін дамыту мақсатында алдымызға үлкен амбициялы мақсат жүктейміз. Әлбетте бұлар ауқымды инвестицияны талап етпек. Дегенмен, біздің энергожүйеміз жаңа электр энергиясының көздерін қабылдауға әзірлігі де маңызды болмақ. Бұл ретте мәселе негізгі үш фактордан тұрады. Олар: электр энергиясын өндірудің экономикалық тиімділігі, халықтың барлық жігі үшін оның қолжетімділігі, сосын экология мәселесінің шешім табуы», - деді ол.

Оның айтуынша, ЭКСПО-2017-нің «Болашақ энергетикасы» тақырыбын қамтуы аталған үш фактор бойынша ортақ консенсус табуға септігін тигізетін болады.