Балама салмақ салғым келмеді – қарттар үйінің тұрғыны
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Өмір бойы теміржол саласында еңбек етіп, немере, шөбере көргенімен, қарттар үйін жөн көрді. Ауылдан қалаға бір сөмкемен келіп, замандастарының қатарына қосылған Сейсенғали Әуезов алдымен гүл өсіруші болды. Қазір лифт жүргізушісі қызметін атқарып жүр. Бұл оның өз таңдауы. Kazinform тілшісі Халықаралық қарттар күні №1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, ондағы тұрғындармен кездесті.
Ақтөбедегі № 1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бүгін күні бойы құттықтаушылардың қабылдады. Олардың қатарында әкімдік қызметкерлерімен қатар оқушылар, студенттер, түрлі кәсіпкерлер мен өнер ұжымдары бар. Олар өздері қолдан әзірлеген сыйлығын ұсынып, кейбірі концерт қойды. Орталық тұрғындары әрқайсысына өз ризашылығын білдіріп, көңілін аулаған жандарға алғысын білдірді. Кейбірі бұл күні де қызмет етіп, жұмысын ақсатпады. Kazinform тілшісі лифт жүргізіп, адамдарды үш қабатқа алма-кезек тасып жүрген Сейсенғали Әуезовпен тілдесті. Ол мұнда Шалқар ауданынан бір сөмкемен келіп, орналасты.
— Ағаммен бірге, соның отбасында тұрдым. Ол көз жұмған соң балаларына ауыртпалық салғым келмеді. Өмір бойы теміржол саласында еңбек еткен адаммын. 40 жылдай еңбек өтілім бар. Бір депо болғанымен, бірнеше қара жұмысты атқарған жайым бар. Негізі өзімнің жалғыз балам бар. Өзінің отбасы, 7 баласы бар. Жібергісі келмей, «бетімізге басады, жалғыз әкеңді баға алмайсың ба деп айтады» деп қарсы болғанымен, соңында келісті. Өзім көндірдім. Мұнда бір ғана сөмкемен келді. Келген күні 14 күн карантинде болдым. Адамдармен танысып, басшылармен де сөйлестім. Денсаулығым жақсы болған соң жұмыс сұрадым, - деді Сейсенғали Әуезов.
Сөйтіп ол орталықта алдымен аула тазартып, гүл өсірді. Қазір лифт жүргізушісі болып жұмыс істеп жүр. Жұмыс таңғы 6:00–де басталып, кешкі 20:00–ге дейін жалғасады. Үш күн жұмыс істеп, үш күн демаламып, еңбегі үшін 90 мың теңге жалақы алады.
— Жұмысқа тұрмас бұрын екі айлық курста оқыдым. Онда есікті ашып, жабу, тұрып қалғандағы қауіпсіздік ережесі, сыйымдылығына сай адам тасымалдауды үйретті. Бұл жер өзіме ұнайды. Алғаш келген адаммен танысып, мән-жайын сұрап аламыз. Кейін араласып кетеміз. Тыныш, жайлы жерде теледидар қарайсың, концерт қоюға келген өнерпаздарды тамашалайсың. Оқушылар, студенттер келгенде мәз боламыз. Қаладан ғана емес, аудандардан да келеді, — деді Сейсенғали Әуезов.
Айта кетейік, Ақтөбедегі № 1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қазір 223 адам бар. Оның 155-і ер адам болса, өзгесі әйел. Мұнда зейнеткерлер мен І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар қабылданады. Мүгедектігі бар адамның жасы 18-ден асуы тиіс. № 1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директордың орынбасары Сәулехан Күнтілеуованың айтуынша, мұндағы қызмет алушылардың 137-і қарт, 86-ы мүгедектігі бар жан. Ең үлкені 93 жаста болса, ең кішкентайы 22 жастағы Ойыл ауданының тұрғыны. Ол ата-анасыз жетім өскен. Колледж бітірген соң № 1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығына қоныстанды. Бәрінің бос уақытын тиімді өткізу үшін түрлі мүмкіндік қарастырылған.
— Мұнда ата-әжелер өзінің сүйікті ісімен айналысады, тоқыма тоқып, іс тігеді. Көзі көрмесе де қағаздан түрлі бұйым жасап береді. Тоқыған бұйымдарын балалар үйіне береміз, кейде Музей түні шарасына қатысып, тұрғындарға көрсетеміз. Кітапханаға келіп, шахмат, дойбы ойнайды. Кітап, газет-журнал оқиды. Мұнда 7 мыңнан астам кітап қоры бар, — деді Сәулехан Күнтілеуова.
Оның айтуынша, мұнда келгендер арасында отбасына қайта оралатындар да бар. Бірақ көбі баспанасыз қалған адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығын паналап, құжаты рәсімделген соң қарттар үйіне ауысады. Мұнда тек құжаты түгел адамдар қабылданады.
Еске салсақ, еліміздің ең қарт тұрғыны 114 жаста. Ол Ұлытау облысында тұрады.