Еліміздің ең қарт тұрғыны бата берді
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде қарттардың дені Түркістан облысында тұрады. Ең үлкен қарт – 114 жастағы Түймегүл Темірбаева апамыз. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасы хабарлайды.
Елімізде 100 жастан асқан 423 адам бар. Олардың дені Түркістан облысында тұрады. Бұл өңірде бір ғасыр жасаған 64 қария өмір сүріп жатыр. Ал, тізімде екінші болып Алматы қаласы тұр, шаһарда 48 адам тіркелген. Егде жастағы кісілердің саны бойынша үшінші орында Алматы облысы, өңірдің 38 тұрғыны 100 жастан асқан.
Айта кетсек, еліміз бойынша қариялардың ең үлкені – 114 жастағы Түймегүл Темірбаева. Ол Ұлытау облысында тұрады. Одан соң 112 жастағы Павлодар облысының тұрғыны Күлжамия Ахмедьянова және 110 жастағы Түркістан облысының тұрғыны Унгай Бегбаева.
«Отанымыз тыныш болсын, денсаулығымыз мықты болсын. Халқымыз аман, бірлігіміз бүтін болсын», - деп батасын берді 114 жасқа келген Түймегүл Темірбаева.
Айта кетсек, Қазақстан БҰҰ стандарты бойынша қартайған елдер қатарына кіреді.
Сондай-ақ, елімізде зейнеткерлерге қандай әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылғанын тарқатқан болатынбыз.