Баламалы энергия көздері неліктен тек шалғайдағы шаруашылықтарда қолданылады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның климаты жел электр станцияларын салу үшін қолайлы. Бұл жайында Сенат депутатының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, сенатор Рысқали Әбдікеров Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында су үнемдеу технологиясының қажеттіліктері үшін баламалы энергия көздерін салуды субсидиялауды ұсынған болатын.
«Жел қондырғыларының жұмыс істеуі үшін қажетті жел дәліздерінің болуына байланысты Қазақстанның климаты жел электр станцияларын салу үшін қолайлы. Алайда жел дәлізі аймағында негізінен жайылымдар немесе тәлімдік жерлер орналасқан. Сонымен қатар баламалы энергия көздерін (жел генераторлары мен күн панельдерін) пайдалану соңғы пайдаланушылар (ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер) үшін осы инфрақұрылымға техникалық қызмет көрсетудің жоғары шығындарына алып келеді. Осыған байланысты қазіргі уақытта баламалы энергия көздері тек шалғайдағы шаруашылықтарда қолданылады», - деді Премьер-Министр.