Баламалы энергия негізінде баспана салушыларға жеңілдіктер берілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана баламалы энергияны пайдалануда үлгі болуы керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Баламалы энергия негізінде баспана салушыларға жеңілдіктер берілмек

«Өткен жылы «ЭКСПО» көрмесі өтті, ал биыл тиісті нәтижені көрсетуіміз керек», - деді Мемлекет басшысы Астананы дамыту мәселелеріне арналған кеңес барысында.

Осы орайда, Президент баламалы энергиямен қамтылған нысандар, тұрғын үйлер болуы керектігін, сонымен қатар күн батареялары мен жел энергиясына қатысты жобаларды іске асыруға назар аудару қажеттігін жеткізді.

Бұл тұрғыда Н. Назарбаев Астанада аталған жобалардың іске асырылуы жағдайы туралы сұрады.

Өз кезегінде елорда әкімі Әсет Исекешев қалада баламалы энергияны пайдаланатын саябақтарда, аялдамаларда, тұрғын үй ғимараттарында бірнеше жарықтандыру нысандары бар екенін айтты.

Елбасы баламалы энергия негізінде баспана салатындарға барынша қолдау жасауды тапсырды.

«Өмірзақ (Шөкеев - авт) «жасыл» кварталды жүзеге асыруға тырысты, кейіннен бұл уәдесі туралы ұмытты (...) Оңтүстік Кореяда күн және жел энергиясын пайдаланатын тұтас кентті көрдім. Бізде де осындай жобаларға екпін қою керек», - деді Президент.

Бұл ретте Елбасы Қазақстан ЭКСПО-ны өткізген ел ретінде бұл бағытқа назар аудару қажеттігін қадап айтты.



Фото: news.dks.com.ua