«Баламен алмайды»: қазақстандық аналар такси қызметіне шағымданып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде ата-аналар кішкентай балаларымен таксиге мінгенде кездесетін қиындықтарды талқылап жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Олардың айтуынша, кейбір жүргізушілер баласы бар жолаушыларды автокреслосыз тасымалдаудан бас тартады. Ал арнайы құрылғысы бар көлікті шақыру қымбатқа түседі. Полиция департаменті балаларды арнайы ұстап тұратын құрылғыларсыз тасымалдауға тыйым салынғанын еске салды.
Бұл мәселені Астана тұрғыны әлеуметтік желідегі жазбасында қайта көтерді. Әйел баласымен таксиге мінбек болғанда жүргізушілер бірнеше рет тапсырыстан бас тартқанын айтқан. Оның сөзінше, ол көбіне эконом санатындағы көлікті шақырады. Алайда жүргізушілер жолаушының балаларымен баратынын білген соң тапсырысты қабылдамайды.
Сондықтан әйелге бизнес санаты сияқты қымбатырақ тарифтерді таңдауға тура келеді. Бірақ оның айтуынша, мұндай қызметті үнемі пайдалану отбасылық бюджетке салмақ түсіреді.
Ол қоғамдық көлікпен және жеке көлікпен жүрудің де өзіндік қиындықтары бар екенін атап өтті. Әйелдің сөзінше, ата-аналардың бәрінде бірдей жүргізуші куәлігі жоқ немесе балаларға арналған автокреслоны үнемі өзімен бірге алып жүруге мүмкіндігі бола бермейді.
Жазбаға басқа қолданушылар да пікір білдірді. Кейбір ата-аналар балаларымен қала ішінде қатынау кезінде осындай қиындықтарға тап болатынын айтып, сапарға қолайлы көлік табу оңай емес екенін жеткізді.
Ал полиция департаменті таксимен балаларды тасымалдау кезінде Қазақстанның жол қозғалысы ережелеріндегі талаптар сақталуы керек екенін еске салды.
— 12 жасқа дейінгі балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы ұстап тұратын құрылғылармен (автокресло немесе бустер) тасымалдануы тиіс, — деп хабарлады ведомство.
Полиция өкілдері такси шақырған кезде жолаушы операторға алдын ала хабарлауы немесе қосымшада сапарға баламен шығатынын және оның жасын көрсетуі қажет екенін түсіндірді. Бұл такси қызметіне балаларға арналған арнайы құрылғысы бар көлікті жіберуге мүмкіндік береді.
Ал жүргізуші жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және балаларды белгіленген талаптарды бұзып тасымалдауға жол бермеуге міндетті.
Бұған дейін балалар арбасымен автобустарға кіруге тыйым салынғаны туралы таралып жатқан мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейтінін жазған едік.