Баламен қарым-қатынас құқығы: Конституциялық сот жаңа шешім шығарды
АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық Сот баламен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы сот шешімдерін орындау кезінде жеке сот орындаушысының қызметіне кететін шығындарды өндіріп алушы мен борышкерге тең бөлу нормасын Конституцияға қайшы деп таныды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
Сот мұндай тәртіп ата-ана мен баланың қарым-қатынас құқығын шектеп, оны азаматтардың материалдық жағдайына тәуелді етіп қоятынын атап өтті. Енді Үкіметке аталған мәселе бойынша заңнаманы Конституциялық Соттың ұстанымына сәйкес жетілдіру ұсынылды.
Конституциялық Сот азаматтың өтініші бойынша «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 118-бабы 1-тармағы екінші бөлігінің және Әділет министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 416 бұйрығымен бекітілген жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлеріне ескертпенің үшінші абзацының Конституцияның 13-бабының 2-тармағына, 27-бабына және 76-бабының 3-тармағына сәйкестігін тексерді.
— Дау айтылып отырған нормаларға сәйкес баламен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы сот шешімін мәжбүрлеп орындату бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу өндіріп алушы мен борышкерге тең үлестермен жүктеледі. Жалпы, атқарушылық іс жүргізу тетігі сот шешімінің орындалмау ауыртпалығын борышкерге жүктеуді көздейді, — деп хабарлады соттан.
Азаматтың пікірінше, өндіріп алу бойынша қолданыстағы құқықтық тетік ата-ананың өзінен бөлек тұратын баласымен жеке қарым-қатынас жасауына қаржылық кедергілер келтіріп, құқығын шектейді.
Конституциялық Сот өзінің шешімінде қолданыстағы заңнамада некенің (ерлі-зайыптылықтың) бұзылуы, оның жарамсыз деп танылуы немесе ата-анасының бөлек тұруы баланың ата-анасының екеуімен де және басқа да туыстарымен толық қарым-қатынас жасауын, сондай-ақ баланың да, ата-анасының да құқықтары мен мүдделерін іске асыруды шектеуге негіз болмайды нақты белгіленеді баса атап өтті. Әрбір ата-ана баласының даму және тәрбие алу процесіне тікелей қатысуға міндетті. Сот шешімдерін мәжбүрлеп орындату тетігі отбасылық қарым-қатынасты сақтап қалуда баланың мүдделерін нақты қорғауды қамтамасыз етуге және оларды ата-ананың мүліктік жағдайына байланысты етпеуге тиіс.
— Конституциялық Сот бекітілген тәртіп сот шешімінің міндетті күші туралы конституциялық кепілдіктің қамтамасыз етілу тиімділігін төмендетеді, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі міндетті сот шешімі өз пайдасына шығарылған адамға жүктейді деп көрсетіп өтті, — делінген хабарлмада.
Конституциялық Сот дау айтылып отырған нормаларды Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды және Үкіметке баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мәселелерін реттейтін заңнаманы Конституциялық Соттың осы нормативтік қаулыдағы құқықтық ұстанымдарына сәйкес жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.
Айта кетейік, алимент қорын құру қайта ұсынылды.