Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Баланы мектепке қалай дайындаған дұрыс – психолог кеңесі

АСТАНА. KAZINFORM – Баланың әріп танып, жүзге дейін санап, аты-жөнін жаза алуы оның мектепке толық дайын екенін білдірмейді. Мамандардың айтуынша, бірінші сыныпқа баратын бала зейінін белгілі бір уақыт бойы шоғырландырып, ақпаратты есте сақтап, тапсырманы соңына дейін жеткізе алуы және өз эмоциясын басқара білуі керек. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында психолог Жансая Оралбекқызы баяндады.

бірінші сынып
Фото: pexels.com

Психологтың сөзінше, баланың мектепке дайындығын тек академиялық біліммен бағалау дұрыс емес. Оның когнитивті және әлеуметтік дағдыларына да назар аудару қажет.

– Бала бірінші кезекте когнитивті тұрғыда сабаққа дайын болуы керек. Кем дегенде 20 минуттай бір нәрсеге зейін қойып, назарын ұстай алуы маңызды. Сонымен қатар әлеуметтік тұрғыда басқа адамдармен қарым-қатынас жасай білуі керек. Өйткені мектепке барғанда бала жаңа ортаға түседі, достар табады, жаңа адамдармен және белгілі бір тәртіппен танысады, – деді маман.

Оның айтуынша, баланың мектепке бейімделуіне оның бұған дейінгі әлеуметтік тәжірибесі де әсер етеді. Егер бала ұзақ уақыт бойы тек отбасы мүшелерімен араласып, басқа балалармен көп араласпаған болмаған болса, алғашқы күндері жаңа ортаға үйренуі қиын болуы мүмкін.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Психолог бірінші сыныпқа баратын баланың мектепке дейін психологиялық тұрғыдан дайын болғанын бағалаудың маңызына тоқталды. Бұл ретте баланың бір жерде белгілі бір уақыт отыра алуы, тапсырманы соңына дейін орындауы және жаңа ортада өзін қалай ұстайтыны ескерілуі керек.

Маман ата-аналарға баланың мектепке не үшін баратынын алдын ала түсіндіруге кеңес берді. Оның айтуынша, «тек беске оқуың керек» деген талаптың орнына білімнің бала болашағындағы маңызын түсіндіру тиімді.

– Кейбір балалар мектепті ата-анасының махаббатына лайық екенін дәлелдеудің бір жолы ретінде қабылдайды. Бала тіпті не үшін оқып жүргенін түсінбей баға үшін ғана білім алатын жағдайлар көп. Сондықтан ата-ана бірінші күннен бастап «мектепке бару сенің болашағыңды қалыптастырады, білім алсаң, ертең өзің қалаған мамандықты таңдап, жұмыс істей аласың» деп баланың қызығушылығын арттырғаны дұрыс. Сонда бала да мектепке өз еркімен, түсініп барады, – деді Жансая Оралбекқызы.

Психолог баланы мектепке қабылдауда оның жасына ғана сүйену дұрыс емес екенін атап өтті.

– Тек алты жастан беремін немесе тек жеті жастан беремін деген түсінік дұрыс емес. Мұны баланың күнделікті іс-әрекетінен, зеректігінен, оң мен солды ажырата алуынан, бір істі соңына дейін жеткізуінен байқауға болады, – деді маман.

Оның айтуынша, мектепалды даярлық топтарының да балаға берері көп. Мұнда бала тек оқу мен жазуға дайындалып қана қоймай, тәртіпке үйреніп, қатарластарымен араласуды меңгереді.

– Балабақшаға немесе мектепалды даярлық тобына барған бала белгілі бір тәртіпке бейімделеді. Ол жерде оқу мен жазуды үйренумен қатар, қоғамға бейімделу, дос табу, басқа балалармен қарым-қатынас жасау дағдылары қалыптасады, – деді психолог.

Маман ата-ананың көңіл күйі де баланың мектепке бейімделуіне тікелей әсер ететінін айтты. Баланы мектепке жіберер алдында ата-ана шамадан тыс алаңдаса, бала да жаңа ортадан қорқуы мүмкін.

– Ата-ана баланы алаңдаушылықпен жіберсе, бала үрейлі жүреді. Ал сіз оны сеніммен шығарып салсаңыз, бала да өзін еркін сезінеді. Мектеп жасынан бастап баланы жеке тұлға ретінде қабылдап, оған жауапкершілік бере білу керек. Сонда оның үлкен өмірге бейімделуі де жеңіл болады, – деді Жансая Оралбекқызы.

Психологтың пікірінше, баланы мектепке дайындау тек оқу құралдарын сатып алып, сабақ басталатын күнді күтумен шектелмеуі керек. Жаңа күн тәртібіне біртіндеп бейімдеу, құрдастарымен араласуына мүмкіндік беру және мектептің не үшін қажет екенін түсіндіру де маңызды.

Айта кетейік, бұған дейін, мектепте оқушының телефон қолдану тәртібі жайлы жазған едік.