Баланы жұлқылап, қорлады: Алматыда жеке коррекциялық орталығына қатысты тергеу басталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматылық әйел ерекше балаларға арналған жеке коррекциялық орталықтың үстінен шағымданды.

а
Фото: Видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде Golden Kids жеке коррекциялық орталығының тәрбиешісі балаға әлімжеттік жасағаны туралы жазба тарады.

Видеода мекеме қызметкерінің баланы қолынан және бетінен дөрекі ұстап, оған айқайлағаны көрінеді.

Баланың анасының айтуынша, видеоны оған кезекті есеп ретінде тәрбиешінің өзі жіберген.

Әйелдің пайымдауынша, қызметкер видеоға осы жағдайдың түсіп қалғанын байқамаған болуы мүмкін.

- Менің балам – ерекше бала. Ол сөйлей алмайды. Үйге келіп, оған не істегенін айтып бере алмайды. Көмек сұрап, өзін сөзбен қорғай да алмайды. Біз балаларымызды мамандарға дәл осы себепті сеніп тапсырамыз. Бірақ баланың қауіпсіздігіне жауапты ересек адамның өзі оған зиян келтірсе, оны кім қорғайды? Біз қорқытып, қорласын деп емес, қамқорлық, даму және кәсіби көмек үшін ақша төлейміз. Баламызды сеніп тапсырған жеріміз оны ренжітіп, ұрып-соғып, балағаттап, қорлайтын орынға айналды, – деп жазды баланың анасы әлеуметтік желіде.

Оның сөзінше, шамамен бір ай бұрын ұлының мінез-құлқынан өзгерістерді байқай бастаған.

Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы қызметкерлері бейнежазбаны зерделеп, тәрбиеші мен мекеме басшылығының әрекеттерін тексеріп жатыр.

- Алматы қалалық Полиция департаменті кәмелетке толмағандарға, әсіресе ерекше қамқорлық пен қолдауды қажет ететін балаларға қатысты дұрыс қарамау фактілеріне ерекше назар аударады. Аталған факті бойынша тергеу басталды. Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бейнематериалдарды зерделеп, оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ маман мен коррекциялық орталық басшылығының әрекеттерін анықтап жатыр, - деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тексеру нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетіні айтылды.

Еске салсақ, Жамбыл облысында балабақша тәрбиешісіне қатысты тергеу басталған еді.