Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген ата-аналар жауапқа тартылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы қалалық Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Еркін Жанабіл айтты.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді.
— Жыл басынан бері Полиция департаментінің қызметкерлері 5 652 профилактикалық дәріс өткізді. Шамамен 10 мың ата-ананың қатысуымен 275 ата-аналар жиналысын ұйымдастырды. Сонымен қатар 900-ден астам жадынама таратылып, 2 900 үй чаттары мен 1 500 ата-аналар чатына ақпарат жолданды, — деді басқарма өкілі.
Спикердің айтуынша, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ата-аналардың жауапкершілігіне байланысты.
— Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамаған жағдайда ата-аналарға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, — деді Еркін Жанабіл.
Полиция департаменті ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін жағдайлардың алдын алуға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Айта кетейік, Астанада жыл басынан бері 7 бала терезеден құлап, мерт болды.