Баланың жазғы демалысын қалай сауатты ұйымдастырған жөн – психолог кеңесі

Гүлдана Қалиева
Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Жазғы демалыс – балалардың ғана емес, ата-аналардың да асыға күтетін кезеңі. Таңертең ерте тұрып, баланы мектепке, үйірмеге тасудың қажеті жоқ, кешке де мектепте алған біліміңді еске түсіріп, үй тапсырмасын қайталамайсың. Бірақ, жазғы каникулдың ата-анаға салар өзіндік салмағы болуы тиіс. Баланың жазғы демалысын қалай ұйымдастырған жөн? Жаңа оқу жылына бала күш жинап баруы үшін нені ұмытпау керек? Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының педагог-психологі Гүлдана Қалиева тілшіміздің сұрақтарына жауап берді.

- Жазғы каникулдың басталуына санаулы күн қалды. Балаларға жазғы демалысты қалай өткізген дұрыс? 

- Қатып қалған қағида жоқ. Өйткені балалар әртүрлі ғой. Бір бала көпшіл, енді бірі жалғыздықты ұнатады. Бірақ бәріне тән бір ерекшелік – олар жаздан жаңалық, жаңа әсер, жаңа эмоция күтеді. Жаңа дос табуды қалайды. Әрине, егер ата-ана жұмысбасты болса, онда баланың демалысын ұйымдастыру оңайға соқпайды. Ал егер демалыстары тұспа-тұс келіп жатса, жоспарлап, баланың тілегін де ұмытпай, таңдау мүмкіндігін беру қажет. Балаға не қызықты – бұл бірінші кезекте тұруы тиіс. 

Егер ата-ана жұмыстан босай алмай жатса, онда бірге серуендеуге, кітап оқуға және оны талқылауға уақыт табуы керек. Бірге отырып фильм қараудың, отбасы мүшелері жиналып, үстел басында ойын ойнаудың маңызы зор, бұл жақындата түседі. Бала кішкентайынан қызықты сәттерді басынан көп өткерген сайын оның ішкі ресурсы молайып, ол жаңа құлшыныспен, ниетпен сабаққа барады. 

Әрине, ата-ананың көп жағдайда баламен шетелге шығып, жаңа елдерді көрсетуіне мүмкіндігі жоқ. Бірақ қала сыртына, өзен-көл жағасына бару, далада ойын ойнау – қолжетімді. Бұл да бала өмірін қызыққа толтырады. 

Сондай-ақ баланы қабілетіне, қызығушылығына байланысты жазғы мектептерге орналастыруға, үйірмелерге беруге болады. Мысалы бала 9 ай бойы оқып, бассейнге баруға мұршасы болмады. Жаз уақытында жүзуді үйренуіне болады немесе компьютерге қызығушылығы жоғары. Қазіргі кезде компьютерді жетік меңгеруге мүмкіндік беретін үйірмелер көп. 

- Ең тиімді күн тәртібі қандай болуы керек? 

- Меніңше, баланың денсаулығына, тілегіне байланысты жасалуы керек. Жалпы қатаң күн тәртібінен бас тартып, босаңсытуға болады, мысалы кеш жатқызып, кеш тұрғызу. Демалыс болғандықтан бала физикалық, психологиялық тұрғыда демалуы керек. Тек тамыздың соңғы апталарында бұрынғы күн тәртібіне біртіндеп көшкен жөн. 

- Бала каникулде ғой деп босаңсытып, кеш жатқызып, кеш тұрғызудың зияны жоқ па?

- Кеш жатқызу дегеніміз, түнгі сағат 1.00-ге дейін жүруге рұқсат беру емес. Мысалы 23.00-ге дейін жүргізіп, таңертең сағат 10.00-де тұрғызу. Бірақ бала гаджеттерде отыратын болса, режим болуы тиіс. Ал егер далада өзі қатарластармен ойнап, құрбыларымен араласса, онда еркіндік берген жөн. Бала әлеуметтік жағынан қарым-қатынас жасай білуі керек. Кешке балалар үй жанына жиналып, кейде әңгімелесіп, жаңалықтарымен бөлісіп жатады. Отырсын, бірақ ата-ана көзден таса жібермегені дұрыс. 

Егер бала ерте жатып, ерте тұрса, басқа балалармен араласпаса, шеттетіліп, онда қызықты телефоннан іздейтін болады. 

Сондай-ақ баланың жас ерекшелігін де есепке алу керек. Бастауыш сыныптың оқушылары қарым-қатынасқа онша жоқ, оларға көбіне ата-ананың айтқаны өтімді болып келеді. 
Жасөспірім шақта балаларға құрбыларымен бірге жүру қызықты, олардың айтқаны маңызды, бір топта болғанды қалап тұрады. Бұл да әлеуметтік жағынан жақсы жетілуіне әсерін тигізеді.

- Жазғы лагерьге жіберудің пайдасы неде? Баланы қай жастан лагерьге жіберген жөн?

- Жазғы сауықтыру лагерінің балаға пайдасы орасан зор. Ең бірінші бұл ата-анадан сепарацияның жақсы жолы. Бала дербестікке, өз-өзіне қарауға, шешім қабылдауға үйренеді. 
Жаңа ортада басқа балалармен қарым-қатынас орнатып, өзін танып, басқаларды танып, бойындағы қабілеттері ашылып жатады.

Жазғы лагерьде күн тәртібі жақсы сақталады. Таңғы жаттығу, 4-5 мезгілдік тамақтану, түрлі үйірмелер, кешке би кештері бар. Әр күн белгілі бір тақырыпта өтіп, түрлі сайыстар ұйымдастырылады. Мұның маңыздылығы – бала командада, топта жұмыс істеуге үйренеді. Осы арқылы бала өз маңыздылығын түсініп, жауапкершілікті сезінеді. Қасындағы балаларды сыйлау, түсіну, басқа балалардан үлгі алу сияқты өзіне көп әлеуметтік тәжірибе жинайды. Мен өзім жазғы лагерьде тәрбиеші болғанмын, сондықтан маған жақсы таныс. Бала лагерьден кәдімгідей есейіп келеді. Ата-анасын сағынып, олардың да қадірін түсінеді. 

Кейбір кезде жазғы лагерьде балалар өздерінің алғашқы махаббаттарын тауып жатады. Кей балалар бойларынан жаңа қабілеттерді ашып, спорттық жарыста жеңіп жатады. Енді бірінің әртістік қыры көрінуі мүмкін. Жазғы лагерь стандартты емес, креативті жолдар арқылы өз бойындағы бір дарынын ашуға септігін тигізеді. 

Бастауыш сынып оқушыларын, 7-8 жастағы балаларды лагерьге жібере беруге болады. Қаланың ішінде жазғы лагерьлер бар. Он жастан асқандарды қала сыртындағы жазғы лагерьлерге жіберуге болады. 

- Әдетте ұстаздар демалыс уақытында оқыңдар деп кітаптар тізімін береді. Алайда балалардың оны оқығысы жоқ, не істеу керек? 

- Кітап оқу мектептің, ұстаздардың ғана емес, қоғамның мәселесі. Балалар кітап оқымайды. Мұғалімдердің қыркүйекте балалар берілген кітаптарды оқымапты деп налығанын үнемі көріп жүрміз. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Кітап оқу мәдениеті «күнде бір тамшы» әдісімен қалыптасуы мүмкін. Осы тақырып бойынша мен бастауыш сынып оқушыларының ата-аналар жиналысында сөз сөйледім. Балалардың бойында білімге, кітапқа деген құмарлықты қалай оятуға болады деген тақырыпта керемет пікірталас болды. Менің ұққаным, «оқы, оқы» деп айта бергеннен нәтиже жоқ, ересектер үлгі көрсетіп, отбасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруы керек. Яғни алдымен ата-ана қолына кітап алуы тиіс. Бұл бір күнде болатын нәрсе емес. Бірақ аз-аздап, күнде көрсету арқылы баланы кітапқа баули аламыз. Тағы бір ескеретін жайт, бала оқитын кітабын өзі таңдауы тиіс. Ол үшін кітап дүкеніне немесе кітапханаға барған дұрыс. Кейін оқыған соң міндетті түрде мазмұнын сұраған жөн. Сондай-ақ Кассиль әдісін қолдануға болады. Яғни маңызды жерде тоқтатып қою. Мысалы телефонда ойнап отырды, сіз бір кезде оны алып қойдыңыз. Баланың ойыны қызық жерде үзіліп қалып, ол ойынан шықпайды. Сол сияқты кітапта да, қызықты жерін ертеңге қалдыру, сонда қызығушылығы арта түседі.

- Бала жаңа оқу жылына дайын болып, демалып, күш жинап баруы үшін ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Ең бастысы балаға еркіндік беріп, сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік жасау, ол бір хобби бола ма, далада ойнау ма – тыймау. Танымдық белсенділігін ата-ананың қолдауы. Егер тоғыз ай бойы уақыттың көп бөлігі оқуға арналса, ал демалуға, сүйікті іске бірнеше сағат қана бөлінсе, онда демалыс күндері уақыттың көп бөлігі сүйікті істерге арналуы керек. Жаз тез өте шығады. Сондықтан тамыздың соңғы күндерінде оқушының күн тәртібі біршама қатаңдатылуы тиіс. Ешқандай сылтаусыз барлығы: ұйқы, үй шаруасы, серуендеу және жазғы үй тапсырмасын орындау уақытында орындалуы қажет. 

Мұндайда ағза стрессіз мектептің күнделікті өміріне тез бейімделеді. 

Соңғы жаңалықтар