Баланы гаджетке тәуелділіктен қалай арылтуға болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Ертеңнен кешке дейін гаджетпен отыратын балалардың сөйлеу қабілеті төмендейді. Ойлау деңгейі нашарлайды. Қоршаған ортамен қарым-қатынасы азаяды. Қазір 4-5 жастағы бүлдіршіндердің арасында гаджетке тәуелділік бар.

Баланы гаджетке тәуелділіктен қалай арылтуға болады

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне психикалық денсаулық орталығының мамандары айтты.

Алматыдағы психикалық денсаулық орталығының дәрігерлері балаларды гаджеттен тез арада ажыратып алмаса, соңы жақсылыққа апармайды, деп дабыл қағып отыр.

Айтуларынша, гаджетке тәуелділік емделеді. Ең бастысы, балаға оның зиян екенін айтып, көзін жеткізе білу керек.

«Біріншіден, балаға гаджеттен ата-анасы маңызды болуы керек. Яғни әке-шеше перзентін өзіне қарата білуі керек. Ұрпағының психикасының дұрыс болуы алдымен солардың міндеті. Біз келісуіміз керек баламен. Қазіргі баланы алдаудың керегі жоқ. Баланы алдасаңыз, ол керісінше сіз бермеген мәліметтіңізді даладан немесе ғаламтордан тауып алады. Сондықтан, баламен біз ашық сөйлесіп келісімшартқа отыруымыз керек»,- дейді психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахманшеев.

Спикердің сөзінше, психикалық денсаулық орталығы қалалық білім басқармасымен бірге 3 мыңнан аса оқушыға сауалнама жүргізді. Қазір мамандар сараптама жасап жатыр. Соның нәтижесінде балаларды гаджеттен ажыратып алу жолдарын қарастырады.

Психиатр дәрігер София Әбілдаева ата-ана мен бала арасындағы келіспеушілікке осы телефон себеп екенін айтты.

«Адам кінәні алдымен өзінен іздеуі керек. Гажетті әперген, интернетті қосқан, оған қоса қадағалауды азайтқан баланың әке-шешесінің өзі емес па? Яғни, барлық жағдайды жасап қояды. Гаджетке тәуелділік деген диагноз жоқ, әрине. Бірақ білесіз бе, дұрыс ұйықтамау, дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың жоқтығы денсаулыққа нұқсан келтіреді. Соңы созылмалы ауруларға апарады»,- дейді дәрігер.

Оның айтуынша, балалар гаджетті білім алу үшін ғана қолдануы тиіс. Соның өзінде 7 жастан 12 жасқа дейін 1 сағат қолдануы керек. Ал, 12 жастан 18 жасқа дейін 2 сағат ұстағаны жөн.

«Телефонның экраны өте кішкентай. Әсіресе, одан ойындар өте ұсақ көрінеді. Миға үнемі салмақ түсіп тұратындықтан, демалып үлгермейді. Қазір психикалық денсаулық орталығында 2 жарым мыңға жуық бала мен жасөспірім тіркеуде тұр. Жиі кездесетін диагноз аутизм мен шизофрения»,- деді ол.