Баланы комаға түсірген елордалық стоматологияға тексерістің нәтижесі жарияланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада тісін емдеткен баланы ес-түссіз халге түсірген тіс емханасына тексеру жүргізілді. Оның қорытындысын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баланы комаға түсірген елордалық стоматологияға тексерістің нәтижесі жарияланды

«Кеше тексеруді аяқтадық. Нәтижесінде бірнеше заңбұзушылықты анықтадық. Олардың бастылары – Севофлуран препаратымен жасалған жалпы анестезияға қоса, 4 жасқа дейінгі балаларға егуге болмайтын, Мепивастезин жергілікті анестезия препараты қолданылған», - деді ол бүгін өткен брифингте.

Сонымен қатар оның айтуынша, баланы емдеместен бұрын аллергияға қарсы сынама да алынбаған. Анестезиолог-реаниматолог дәрігер жалпы наркоз беруге 15 минут қалғанда ғана баланы тексерген. Ал стандартқа сәйкес дәрігер пациентті болжалды ота жасалатын сәттен кемінде 24 сағат бұрын қарауы тиіс.

«Комиссия қорытындысы бойынша пациент жағдайының нашарлауы егілген препараттардың біріне анафилактикалық шоктың дамуымен байланысты болуы барынша ықтимал», - деді Лаура Ахметниязова.

Еске салайық, елорда тұрғыны Анастасия Зелёная екі жарым жастағы баласы стоматологиялық клиникаға қаралғаннан кейін ес-түссіз күйге түскенін хабарлаған болатын. Бала 10 тәуліктен астам есін жия алмай жатыр.

Оқиғаға байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов түсінік берді. «Жағдайды бақылауымда ұстап отырмын. Өкінішке қарай, баланың жағдайы өте ауыр. Бірақ, дәрігерлер тарапынан медициналық көмек барынша көрсетілуде. Оған толыққанды деңгейде жәрдем беріледі», - деді министр.

Сонымен бірге, ол ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабековаға аталмыш стоматологиялық клиниканы тексеруді тапсырған еді.