Баланы судан құтқарған қызылордалық оқушыны министр Қасымов марапаттады
ЖАҢАҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы, Жаңақорған кентіндегі №51 мектептің 11-сынып оқушысы Сержан Әбдірейім қыстыгүні аудан орталығындағы судан 10-жастағы баланы құтқарғаны үшін еліміздің Ішкі істер министрлігі тарапынан марапатқа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аталмыш төтенше оқиға өткен жылдың желтоқсан айында болды. Сержанның сабақтан қайтып келе жатқан беті еді. Сол сәтте ол өзін құтқаруға шақырған жас баланың дауысын естиді. Дереу дауыс шыққан жаққа бет алып барса, көлдегі мұздың жарылу салдарынан көлге түсіп кеткен 10 жастағы баланы көзі шалды. Өзі шығаруға талпынған еді. Дегенмен суда тұрған баланың киімі малмаңдай болғандықтан, оны тартып шығаруға шамасы келген жоқ. Сол сәтте қасынан өтіп бара жатқан екі жігіт те көмекке ұмтылды. Тез арада арқан жеткізілді. Онымен де құтқару мүмкін болған жоқ. Осындай қысылтаяң уақытта тез шешім қабылдаған Сержан сыртқы киімін шешіп, суда қалып қойған Мұхамедті көтеріп жағаға алып шықты. Одан кейін де көмегін көрсетіп, баланы аман алып қалуға тырысты», - деп хабарлады Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.
Еске салайық, кеше, 16 мамыр күүні ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов әртүрлі жағдайларда адам өмірін өлім аузынан арашалап қалған 20 балаға «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» кеуде белгісін табыстады.
Әділжан Үмбет