«Балапан» арнасы бес жаста
«Осыдан бес жыл бұрын ашылған «Балапан» телеарнасы өзінің өнімін көбейтіп келеді. Телеарнаның басты мақсаты - көрермендері, яғни, кішкене бүлдіршіндермен бірге өсіп, жетілу, барлық телеөнімдерді заманға сай даярлау. Бұның маңызы зор, себебі, Қазақстандағы балалардың таңдауы да көп, қазір ақпараттық кеңістік ашылған, балаларымыз шет елдің телеарналарын көретіні де жасырын емес. Сондықтан, осы бәсекеде балаларды өзіміздің ұлттық нақыштағы телеөнімдермен қызықтыра білу керек, қызықтырып отырмызда. Кішкентай бүлдіршіндерге арнап тәрбие беретін, дүниетанымын кеңейтетін жобаларды әзірлейміз», - дейді салтанатты концертке қатысқан Н.Мұхамеджанова. Н.Мұхамеджанова тап өткендей, «Балапанның» болашаққа көздеп отырған жоспарлары көп. «Телеарна 2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен құрылған болатын. Болашақта көп жобаларды жүзеге асыру ойымызда бар. Бұл арна танымдық, спортты үйрететін, отбасының қадірін ұғындыратын, балалардың көңілін аулайтын, білім беріп, жақсы дүниелерге дағдыландыратын телеөнімдерді жасап, балалардың назарына сапалы дүние ұсынуы керек. Айта кетейік, «Балапан» бүлдіршіндеріміздің ермегі ғана емес, бала тәрбиесіне келгенде ата-ананың сенімді көмекшісіне айналуы керек»,-деді Н.Мұхамеджанова.