«Балапан» бағдарламасы балаларды балабақшаға орналастыруға көмектеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Балаңызды балабақшаға орналастыру керек, бірақ әлі кезек келмесе, ата-аналардың «Балапан» бағдарламасы арқылы баланы балабақшаға орналастыруына болады. Осылайша, бала қаладағы жеке меншік балабақшалардың біріне бара алады.

«Балапан» бағдарламасы балаларды балабақшаға орналастыруға көмектеседі

Ал, оның ақысын ата-ана мен мемлекет бірлесе төлейді. Яғни, мемлекет баланың мектепке дейінгі тәрбиесі мен оқуы үшін, ал, ата-ана тамақтануға кететін шығынды, қалауынша балабақша тарапынан көрсетілетін басқа да қызмет түрлеріне төлейді. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының Білім басқармасынан хабарлады.

Мекеме әкімшілігі ұсынатын қосымша қызметтерге кеңінен тоқталайық.

Ата-аналардың олардан бас тартуына болады. Алайда, жеке меншік балабақшаға баратын балаларға қойылатын талап үлгілері мен мемлекеттік балабақшаға қатынайтын балаларға қойылатын талаптардың үлгілері бірдей.

Бос орындар туралы мәліметті Астана қаласы Білім басқармасының www.astana-bilim.kz сайтынан біле аласыздар. Бос орын болса, жолдаманы алып кету үшін Қарталы көшесінде орналасқан № 61 мектепке келу қажет.

Қабылдау күндері: әр айдың екінші және төртінші сейсенбісі.

Айта кету керек, бүгінде астананың мектепке дейінгі білім беру жүйесінде 171 мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 78 мемлекеттік, 66 жеке меншік және 2 ведомстволық балабақша, 25 шағын орталық бар.