«Балапан» балалар телеарнасы кішкентай көрермендерін жаңа маусымдағы үздік жобаларымен қуантпақ

АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Балапан» телеарнасы кішкентай көрермендерін биыл да ауқымды, мазмұнды, мәнді туындыларымен қуантқалы отыр» деп хабарлады «Қазақстан» АҚ» республикалық телерадио кешенінің баспасөз хатшысы Танакөз Толқынқызы.

«Балапан» балалар телеарнасы кішкентай көрермендерін жаңа маусымдағы үздік жобаларымен қуантпақ

Жаңа маусымда алуан түрлі жанрдағы 30-ға жуық жоба түсірілді. Соның ішіндегі бірнеше жобаға тоқталсақ.

«Балапан және оның достары» ойын-сауықтық мультхикаясы. Жоба әлі оқып, жаза алмайтын 2-ден 5 жасқа дейінгі балаларға арналған. Зерттеулерге сүйенсек, баланың санасы 0-ден 6 жасқа дейінгі аралықта қарқынды дамиды. Осы кезеңде мидағы нейрондар көбейіп, баланың ойлау жүйесі қалыптасып, адами-рухани құндылықтары айқындалады. Дәл осы аралықта мидың негізгі мүмкіндіктері, баланың психикалық-әлеуметтік зердесі жетіліп, әрі қарайғы дамуына (оқуына, яғни мектепке, институтқа, өмірге бейімделуіне) жол ашылады. Мультхикая ерекшелігі, Ботақан, Қошақан, Бұзаухан, Құлыншақ сынды халықтық сана-сезімімізге жақын төрт түлік төлдерінің негізгі кейіпкерлер ретінде көрінуі. Олар түрлі жағдайға тап болып, Балапанмен бірлесе отырып қарапайым, балаларға түсінікті мәселелерді шешеді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айқындайды.

«Батырлар» 4 сериялы қысқаметражды фильмі. Бұл анимациялық фильм жоғары сапалы Motion Capture (жаңа жанр) жанрында түсірілмек. Жоба білектің күшімен, найзаның ұшымен ұлан-ғайыр жерімізді жаулардан қорғаған батырлар жайында сыр шертеді. Әр серияда бір батырдың өмірі, жаугершілік замандағы ерлігі, бойындағы асыл қасиеттері ашылады. Мультфильм атасының немерелеріне әскери қолбасшылардың өмірін баяндап беруінен басталады. Атасы ержүрек батырлардың кішкентай кезінен бастап қалай шыныққанын, жаугершілік заманда ақыл мен күшті қатар қалай алып жүргенін тереңдете айта түседі. Балалар қайсар бабаларының ерлігіне тәнті болады.

«Ерден атаның әңгімелері» тарихи-танымдық анимациялық сериалы. Жоба ұлттық тарихымыздың елеулі кезеңдерін талдап, маңызды оқиғалармен екшеп береді. Анимациялық фильм қазақ жеріндегі ең алғашқы мемлекеттік құрылым Сақтар мемлекетінен бастап, Алаш Орда кезеңіне дейінгі аралықты қамтиды. Адамзат дамуында өзіндік орны бар көшпенділер өркениеті, сол өркениеттің мұрагері - қазақ халқының тарихын жүйелі түрде сараптайды. Әлемдік ғылымдардың қайнар бастауында тұрған Әл Фараби кезеңі, дүниенің даму дөңгелегін жылдамдатып, жаңа сатыға көтерген Ұлы Жібек жолы феномені, бүгінгі құқықтық қатынастарымыздың бастауы - Тәукенің «Жеті жарғы» заңдар жүйесі, жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күрестері, Алашорда тарихы сынды тақырыптарымыз - балаларымыздың отаншылдық сезімін оятып, өз тамырына деген құрметін әрі білімін арттыратыны сөзсіз.

«Әли мен Айя» мультхикаясы. Бұл жоба «Балапанның» ең кішкентай көрермендеріне арналған, Дүниеге, өзін қоршаған әлеміне енді назар сала бастаған бүлдіршіндеріміз мультхикаяның негізгі кейіпкерлері Әли мен Айя арқылы айналасын тани түсіп, сөздік қорын көбейтеді. Әли 4 жаста болса, Айя 3-те. Олар апасы пен атасының ауылына қонаққа келіп, өздерін қызықтырған барша сұрақтың жауабын табады. Мультхикая бауырлас Түркия елінің білікті анимациялық студиясымен бірлесе түсіріліп, халықаралық сипат алып отыр.

«Білгіштер бекеті» ғылыми-танымдық бағдарламасы. Ғылым - қоғамды алға бастайтын қуатты күш. Бүгінгі заманауи қоғамға адамзат ғылымның нәтижесінде қол жеткізді. Жас ұрпақты ғылым мен білімге бейімдеу - бүгінгі Қазақстанның стратегиялық мақсаттарының бірі болып отыр. Үлкен ғылымның бастауы - кішкентай ізденістерден тұратыны белгілі. Осы тұрғыда «Білгіштер бекеті» бағдарламасы балаларға зор мүмкіндік беріп отыр. Білімдар оқушылар зертханалық студияда түрлі тәжірибелер жасап, ғалым бейнесіне енеді.