«Балапан» телеарнасының 5 жылдығына орай ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 27 қыркүйек күні бірінші отандық балалар арнасы өзінің 5 жылдығын атап өтеді. Телеарнаны құру идеясы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы болатын.

«Балапан» телеарнасының 5 жылдығына орай ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады

Хабар тарату қазақ тілінде жүргізіледі. Телеарна «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясының (РТРК) құрамына кіреді, деп хабарлайды «Қазақстан» РТРК баспасөз қызметінен.

Арнаның туған күніне орай көрермендер арасында байқау жарияланды. Оның шарттары бойынша қазақстандық ата-аналар 25 тамызға дейін өз ойларынан құрастырған ертегілерін телеарнаға жолдауларына болады. Ең үздік ертегі желісі бойынша телевизиялық қойылым түсіріліп, кітап шығарылады.

Арнаның туған күніне орай кішкентай көрермендерге арналып 22 қыркүйекте «Қазмедиа орталығының» үлкен залында Дисней ұсынған «Ақшақар» мультфильмінің тұсаукесері өткізіледі.

Ал 24 қыркүйекте «Казмеди орталығының» холлында балдырғандарға арналып мерекелік шаралар мен көрмелер ұйымдастырылып өткізіледі. Қонақтарды сан түрлі қызықты ойын-сауық бағдарламалар күтуде.

«Балапан» балалар танымдық ойын-сауық телеарнасының мақсаты - өсіп келе жатқан жас буынның ұлттық және мәдени тұлғасын қалыптастыру, отанға деген сүйіспеншілік пен үлкендерді сыйлауға, «интеллект» иесі, білім мен ғылымның шыңына шығар азамат болып ер жетуіне ықпал жасау және дені сау, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбексүйгіш, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу болып табылады.

«Балапан» телеарнасы алғашында 12 сағат хабар таратса, бүгінде 14 сағат бойы эфирге шығады. Оның бағдарламалары үш жастан он жасқа дейінгі жасөспірімдерге арналғанымен, ересек аудиторияның да ықыласына бөленіп үлгерді.

Шетелдік контенттің санын азайтудың арқасында меншікті құрамды ұлғайту мүмкін болып отыр. Бүгінгі таңда меншікті өндіріс саны 30 пайыздан 80-ге дейін көбейіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, «Балапан» балалар телеарнасы 6 шілдеден бастап 70 мың халқы бар Байқоңыр қаласында да хабар тарата бастады.

«Балапан» көрермендерге «Отау ТВ» ұлттық жерсеріктік телевизия желісі, 78 кабельдік операторлар мен 2 эфирлік хабар таратушылар арқылы жеткізіледі.