Баласы көп әйелдерге жұмыс табу қиын болса, еркектерде керісінше оңай көрінеді - Еуростат

БРЮССЕЛЬ. 5 наурыз. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Еуростат агенттігі Еуроодақтағы ерлер мен әйелдер арасындағы гендерлік айырмашылықтар бойынша мәліметтер жариялап отыр.

Баласы көп әйелдерге жұмыс  табу  қиын  болса, еркектерде керісінше оңай көрінеді - Еуростат

ҚазАқпарат еуропалық статистика саласындағы ең қызықты фактілерді назарларыңызға ұсынады.

Еуростаттың мәліметі бойынша, Еуроодақтың 500 миллион халқының ішінде ерлі зайыптылардың 25 пайызында бала жоқ болса, ал тағы 22 пайызында бір және одан көп бала бар екен. Ал 17 пайызы - жалғызбасты әйелдер, 13 пайызы баласы жоқ ер азаматтар көрінеді. Оның ішінде, жалғызбасты әйелдердің 4 пайызында, ер азаматтардың 0,5 пайызында - балалары бар. Қалған 19 пайызын басқа вариациялар, оның ішінде біржынысты некелер құрайды екен.

Тағы бір статистикаға жүгінсек, отбасында бала көп болған сайын, әйелдердің жұмыспен қамтылу деңгейі төмен болып шықты. Атап айтқанда, бала саны көбейген сайын, 25-54 жастың аралығындағы әйелдердің арасындағы жұмыспен қамтылу көрсеткіші азайса, ер азаматтарда бұл көрсеткіш керісінше жоғары болып шықты.

Баласы жоқ әйелдердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші 75,8 пайызды құраса, бір баласы бар қыз-келіншектердің 71,3 пайызы жұмыс істейтін болса, екі баласы барлардың үлесі - 69,2 пайызды, үш және одан көп жұмыс істейтін әйелдердің үлесі 54,7 пайызды құраған.

Бұл жас тобындағы баласы жоқ еркектердің жұмыспен қамтылу деңгейі 80,3 пайызды құраса, бір баласы бар ер азаматтардың 87,4 пайызы жұмысты тез таба алады екен. Екі баласы бар ер азаматтардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші - 90,6 пайыз, үш және одан көп баласы бар азаматтардың үлесі 85,4 пайыз болып шыққан. Яғни, отбасында баласы көп ер азаматтардың демалуға уақыттары жоқ.