Баласы мен ата-анасын тастап кету масқара құбылыс деп бағалануы тиіс - Н. Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттер дәстүрімізге қайшы. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Егде жастағы 7 мыңнан астам адам қарттар үйінде өмір сүруде, ал олардың көбінің дені сау, табысты балалары бар. Қартайған ата-анасын тастап кету деген біздің дәстүрімізде жоқ, жалпы бұндай түсінік болмаған. Қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді масқара құбылыс ретінде бағалауы тиіс. Бұл біздің жанымызға жат құбылыс. Халқымыз әкені асқар тауға балаған, ешқашан алдын кесіп өтпеген, «жұмақ ананың табанының астында» деп анасын сыйлаған. «Бала бауыр етің» деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған. Қандай жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Біз - қазақ осындаймыз!», - деді Мемлекет басшысы. Президент ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатыгез ұрпақ, баласынан жеритін көкек ана халқымызда ешқашан болмағындығын атап өтті. «Бұл біздің дәстүрімізге қайшы, салтымызда жоқ әрекет. Жастық шақта ата-анаңа не көрсетсең, қартайғанда өз ұрпағыңнан соны көресің. Ата-анаңа құрметпен қарау, халықты сыйлау, ұрпаққа қамқорлық жасау әрбір адамның қасиетті борышы емес пе?!», - деді Елбасы.