Баласын жұмыс істету үшін ата-анасы оны сотқа берген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда 29 жастағы жігіт ата-анасының тапқан-таянғанына күн көріп, ешқашан жұмыс істемеген. Егде жастағы ерлі-зайыпты ұлының айтқанын орындауға тырысқан, алайда ұлдары үйлеріне өзімен бірге жұмыс істемейтін қалыңдығын алып келгенде, олардың шыдамы таусылған. Бұл туралы Day.Az хабарлады.
Қытай отбасындағы бұл оқиға жалғыз ұл - Циннің университеттегі оқуын тастап кетуінен кейін басталған, деп жазады Oddity Central. Сол кезден бері анасы Сюй Син ұлының қас-қабағына қарап, тамағын әзірлеп, киімдерін жуып отырған ал баласы бұл уақытта күнімен ұйықтап, ноутбукта отырып, интернетте күнін жай өткізген. Әкесі Ку ұлына жұмыс тапқан кезде Цин ол жерде небәрі үш айға шыдаған.
Көп уақыт өтпей 29 жастағы қытайлық жұмыссыз әйелмен танысып, бір айдан кейін оны үйге алып келген. Ұлымен бірге, оның жанындағы әйелдің де тамағын істеп, соңынан кірін жуып, бар жағдайын жасау керектігін көрген ата-ананың амалы таусылған. Шарасы құрыған ата-ана ұлдары Цинге оның не жұмысқа орналасатынын, не қасындағы қызбен үйінен кетсін деген талап қойған. Алайда олардың бұл сөзіне не ұлы, не оның қасындағы қыз құлақ аспаған. Сол кезде ата-анасы сотқа шағымдануға мәжбүр болған.
Істің мәнісін анықтағаннан кейін судья шағымданушылардың пайдасына шешім шығарды. Ол еңбекке жарамды ұлдың жұмыс табуы керек екенін хабарлады.
Алайда жұмыссыз жұп сот шешіміне құлақ аспай,бұрынғы әдеттерін тастамаған. Тіпті сот шешімі шыққаннан кейін 60 күн өтсе де, орындарынан қозғалмаған.
Амалы құрыған ата-ана баласы мен оның қасындағы қызды сот приставтарынынң көмегімен үйден шығару үшін қайтадан сотқа шағымданған.
Осы оқиға қытай басылымдарында кең таралды. Қазір осы сияқты оқиғалардың қайталануы Қытайдағы бір бала саясатының салдары деп бағаланып отыр.