«Балауса» әдеби бәйгесіне байқау жұмыстарын қабылдау басталды

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - Қазақмыс Тобы мен Қазақстан Жазушылар одағы жыл сайынғы «Балауса» бәйгесіне байқау жұмыстарын қабылдау басталғандығын хабарлайды, деп хабарлайды Жазушылар одағының баспасөз қызметінен.
None
None

Бәйгенің мақсаты - балалар әдебиетіне қолдау көрсету арқылы бүгінгі заман талабына сай шығармалардың жазылуына ықпал ету, сол арқылы балаларды қаршадай кезінен өз ұғымдарына лайық әдеби туындылармен молынан сусындатып, туған елге, ата-анаға, дос пен бауырға деген сүйіспеншіліктерін қалыптастырып, ұлтжанды, өнегелі, білімқұмар болып өсуіне негіз қалау.

Дәстүрге айналған «Балауса» бәйгесі мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге арналған қазақ тіліндегі үздік әдеби шығармаларды анықтауға арналған. Былтырғы жылы әділқазылардың қарауына 150 автордан 200-ден астам еңбек келіп түскен болатын. Жеңімпаздардың шығармалары «Қазақ әдебиеті» республикалық газетінің беттерінде жарияланды. Әділқазылар ескертеді: өткен жылы бәйгеге қатыстырылған жұмыстар қайта қаралмайды.

«Балауса» бәйгесінің Ережесі қазақ тілінде шығатын бірқатар БАҚ-тарда жарық көреді. Бәйгеге қатыстырылатын шығармалар 2014 жылдың 15 ақпанына дейін қабылданады. Байқауға жолданған шығармаларды Қазақмыс Тобы мен Қазақстан Жазушылар одағының өкілдерінен құралған әділқазылар алқасы қарастырып, жеңімпаздарды анықтайды. Бәйгенің қорытындысы 2014 жылдың 2 сәуірі күні жарияланады.

Бәйге жеңімпаздары ақшалай сыйлықтарға ие болады, ал олардың шығармалары бірқатар республикалық басылымдарда жарық көреді.

Соңғы жаңалықтар