Балғын футболшылар Анатолий Ионкинге арналған турнирде бақ сынады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Ақжайық» футбол клубының стадионында атақты шабуылшы Анатолий Ионкинді еске алуға арналған балалар арасындағы дәстүрлі турнир мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Балғын футболшылар Анатолий Ионкинге арналған турнирде бақ сынады

8 мамыр күні басталып, 13-інде аяқталған жарысқа еліміздің батыс өңірлерінен барлығы сегіз команда қатысып, бақ сынады.

Финалдық матчта «Ақжайық-2006» командасы Атыраудан келген құрдастарын 2:0 есебімен тізе бүктіріп, жеңімпаз атанды. Үшінші орын үшін бәсекеде «Ақтөбе-2006» ақтаулық «Каспий-2006» командасын 3:0 есебімен ұтып, қола жүлдеге ие болды.

Турнирдің жабылу рәсімінде «Ақжайық» футбол клубының директоры Азат Қазихановтың атап өткеніндей, Анатолий Михайлович Ионкиннің спорттағы жолы дәл осы алаңда басталды. Әуелі Ақ Жайықта доп тепкен А.Ионкин кейін алматылық «Қайраттың» сапында ойнап, КСРО-ның ең үздік шабуылшыларының қатарынан көрінді.

А.Ионкинді еске алуға арналған турнир «Ақжайық» футбол клубының ұйымдастыруымен жыл сайын мамыр айында өткізіліп келеді.

Еске сала кетейік, А.Ионкин (4.10.1950, Орал - 13.05.2009, Орал) Орал қаласында туып-өсті. «Қайраттың» құрамында КСРО чемпионатында 25 гол соқты. Әсіресе, 1974 жылғы маусымда қарсыластар қақпасына 16 доп енгізіп, Олег Блохиннен кейін екінші орынға көтерілді. Жаттықтырушылық қызмет атқарып, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті болған Анатолий Ионкин Оралға келген сапарында 2009 жылы 13 мамырда бір кезде өзі доп тепкен дәл осы стадионда жүрегі тоқтап, көз жұмды.

Оның 1948 жылғы ағасы Александр Ионкин де - атақты спортшы әрі жаттықтырушы. Оралда алғашқы қадамын бастап, 1968 жылы алматылық «Динамо» клубына шақырылған ол допты және көгалдағы хоккейден үлкен табыстарға қол жеткізді. Шабуыл шебінде жасындай жарқылдап, допты хоккейден «Динамо» құрамында Еуропа чемпиондары кубогының иегері, КСРО чемпионы (1977), алты мәрте күміс, үш дүркін қола жүлдегері атанды. Бес рет чемпионат үздіктерінің қатарынан көрінді. Көгалдағы хоккейден бес мәрте КСРО чемпионы, үш рет күміс жүлдегер, жеті дүркін үздік мерген атағына қол жеткізді. КСРО құрамасында да ойнады. Кейін допты хоккейден Қазақстан құрамасын ұзақ жылдар бойы жаттықтырды.