Балқаш-Алакөл бассейнінде су тасқыны қаупі жоқ
АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Балқаш-Алакөл бассейнінде су тасқынымен байланысты қауіп жоқ. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, Балқаш-Алакөл бассейніне Алматы облысының біраз бөлігі, Қарағанды облысының бір бөлігі мен Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының кейбір аймақтары кіреді. Мұнда негізгі үш су қоймасы бар. Олар Қапшағай, Бартоғай және Күрті су қоймалары. «Осылардың ішінде Қапшағай су қоймасы 17 миллиард 410 миллион текше метр суды қабылдай алатын болса, бүгінгі таңда қоймадағы судың көлемі белгіленген меженің 90 пайызына жетіп отыр. Ал Алматы облысында орналасқан Бартоғай су қоймасына 225 миллион текше метр су сыяды. Қазіргі таңда аталмыш қойма қабылдаған су 60 пайызды құрайды. Сондай-ақ Күрті су қоймасына 58,3 миллион текше метр су кетеді. Қазіргі таңда оның 41 пайызы суға толы»,- деді комитет төрағасы.
Оның сөзінше, «Үлкен Алматы» көліне 3,2 миллион текше метр су сыяды. Ал онда жиналған су көлемі 30 пайыз. «Яғни Балқаш-Алакөл бассейнінде су тасқынынан аса үлкен қауіп туып отырған жоқ»,- деді И.Әбішев.