«Балқаш» демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық желілерін салуға 2,2 млрд теңге бөлінеді

демалыс аймағы
Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі

2024 жылы «Балқаш» туристік-рекреациялық демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық желілерін салуға 2,2 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform.

«Республикалық бюджет комиссиясының 2023 жылғы 22 тамыздағы шешімімен 2024 жылғы жобаны («Балқаш» туристік-рекреациялық демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық желілерін салу» жобасы) іске асыруды бастауға 2,2 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлу қолдау тапты. Жалпы, жобалау-сметалық құжаттамада сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау құрылыстарын, автомобиль жолын, әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар мен су тазарту станциясын салу көзделген», - деді Әлихан Смайылов жауабында.

Үкімет басшысының атап өтуінше, 2020 жылдан бастап 50 танымал туристік маршрутқа түгендеу жүргізіліп жатыр. Маршруттардың жалпы ұзындығы 7 500 шақырымды құрайды. Онда 584 санитариялық-гигиеналық торап, 239 тамақтану пункті, туристер қызығушылық білдірген 244 объекті, 243 автожанармай құю станциясы, 132 орналастыру орындары, 57 вокзал (аэро, авто және теміржол вокзалдары), сондай-ақ 173 санаторий-курорттық нысан және 202 балалар мен жасөспірімдер туризмі объектісі қамтылды.

«Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша жазғы және қысқы маршруттар каталогы, сондай-ақ 29 бағыт кіретін Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігі жасалды. Инфрақұрылымның және туристер қызығушылық білдірген орындардың жай-күйі туралы өзекті деректер tourismonline.kz порталында орналастырылған. Қазіргі уақытта 83 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда», - деді Премьер-Министр.

Соңғы жаңалықтар