Балқаш кәсіпкерлері апатты жағдайдағы су таратқышты алмастырып берді
ҚАРАҒАНДЫ-БАЛҚАШ. ҚазАқпарат - Балқаш қаласының кәсіпкерлері қаланың инфрақұрылымын дамытуға жеке қаражаттарын жұмсап, отансүйгіштіктің үлгісін танытып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Бизнесмендер қаладағы кәріз жүйесін күрделі жөндеуді бастады. Олар 7 километрден астам құбырды алмастырды. Кәсіпкерлердің айтуынша, олар жергілікті бюджет жұқарғандықтан емес, туған қаласын абаттандыруға үлес қосу мақсатында осындай ізгі амалға кіріскен.
«Кәсіпкерлер сумен қамту жүйесін жақсарту үшін «Тоқырау-Саяқ» су тарату жүйесінің апаттық жағдайдағы 7,4 километрлік құбырын алмастырып берді. 2018 жылы қаланың кәріз жүйесін жаңғырту жөніндегі ірі жоба жалғастырылып, жылу желілерін жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу аяқталады», - дейді Балқаш әкімі Александр Аглиулин тұрғындармен кездесуде.
Әкім кәсіпкерлерге алғысын білдіріп, 2017 жылдың сәуірінен бері Мемлекет басшысы бастамашыл болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
Қала басшысының айтуынша, биыл Балқаштың экономикасын көтеруге күш салынады. Осы мақсатта 19 миллиард теңге инвестиция құйылған. Шағын және орта бизнесті, әсіресе туризм саласын дамытуға баса назар аударылмақ.