Балқаш көлінде із-түзсіз жоғалған балықшылардың денелері табылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы ТЖ департаменті жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Балқаш көлінен наурыз айында із-түзсіз жоғалған балықшылардың өлі денелерін тапты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Балқаш көлінде із-түзсіз жоғалған балықшылардың денелері табылды

Балықшылардың денелері Ақтоғай ауданындағы «Корс» түбегінің оңтүстік жағалауынан бір шақырым жерден табылды. Екеуі де Балқаш тұрғындары болған. Олар 30 наурыздан бері із-түзсіз жоғалғандар қатарында болды. Сол күні ТЖ департаментіне туыстары балықшылардың үйге оралмағанын, байланыс үзілгенін хабарлаған.

«9 сәуір күні 17:50-де ТЖ департаменті жедел-құтқару жасағының төрт құтқарушысы екі ер адамды өлі күйінде тапты. Жағдайдың мән-жайы анықталуда. 30 наурыздан күні кешеге дейін ер адамдар із-түзсіз жоғалғандар санатында еді», - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Айдана Жүсіп.