Балқаш көлінде үш балықшы құтқарылды
АСТАНА. 29 тамыз. ҚазАқпарат - 28 тамыз күні сағат 21:30-да Балқаш қаласындағы ТЖ басқармасының жедел кезекшісіне Зуб аралынан ашық көлге қарай резеңке қайыққа мінген адамды ағыс алып кетіп бара жатқаны және аралда тағы екі адамның бар екені туралы хабарлама келіп түсті. Бұл туралы ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен хабарлайды.
Іздеу-құтқару жұмыстарының барысында ҚР ТЖМ Қарағанды облыстық ТЖД су-құтқару қызметінің (5 адам мен 2 техника) күшімен сағат 22:45-те аралдан 39 және 19 жастағы балықшылар құтқарылып, Балқаш қаласына жеткізілді. 29 тамыз күні сағат 00:05-те Рембаза кентінің ауданында резеңке қайықтағы 25 жасар ер адам табылды. Құтқарылғандар арасында зардап шеккендер жоқ.