Балқаш көлінде жоғалған 9 жастағы бала 5 шақырым жерден табылды
«17 шілде күні сағат 17:05-те облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушыларына Балқаш көлінің жағалауында бала жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге Сарқан өңірінің Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары шықты. Бір сағат ішінде 2013 жылы туған бала көлдің жағасынан ата-анасынан 5 км жерден аман-есен табылды»,- делінген облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, өткен тәулікте Алакөл көлінде де осындай жағдай болды. Ақши ауылында ата-анасымен демалып жүрген бес жастағы балалар жоғалып, бір шақырым жерден табылды.
«Балалардың ата-аналарымен судағы қауіпсіздік ережелері және су маңындағы кәмелетке толмаған балаларға үнемі назар аудару қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Алматы облысының ТЖД мамандары азаматтарды суға шомылу маусымында барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады»,- деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.