Балқаш көлінен жоғалған балықшының денесі табылды
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат - Балқаш көлінде ер адам суға батып кетті. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының 64 жастағы тұрғыны балық аулауға шығып, қайтып оралмаған. Бүгін құтқарушылар оның денесін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
5 қарашада Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары Ақтоғай ауданындағы Қысанов қыстауының маңында Балқаш көлінен суға батып кеткен балықшының денесін тапты.
1957 жылы туған ер адамның жоғалғаны туралы хабарлама 4 қазан күні кешке қабылданды. Ақтоғай ауданының тұрғыны 2 қараша күні көлге балық аулауға шығып, қайтып оралмаған.
«Балықшының туыстары ұзақ уақыт бойы жоғалған ер адаммен байланысқа шыға алмағандықтан, полиция мен құтқарушыларға жүгінген. Полиция қызметкерлері көл жағасынан балықшының рәзіңке қайығын тапты. Кейін құтқарушылар жағадан 5 метр жерде мұз астынан батып кеткен ер адамның денесін тапты», - деп хабарлады Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметі.
Қарағанды облысының құтқарушылары азаматтарға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін еске салады.
Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін жағадан шықпай балық аулаған дұрыс.
Тоғанға шықпас бұрын, қайықтың жағдайын мұқият тексеру керек.
Қайықтағы әрбір адам үшін құтқару шеңбері, белдік немесе кеудеше болуы міндетті.
Дауыл кезінде суға шығуға тыйым салынады.