Балқаш көлінің бетінен ажыраған мұз 5 балықшыны ағызып әкетті, құрбан болғандар бар - ТЖМ

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ТЖМ-ға сілтеме жасап.
Мәселен, өткен сейсенбі, желтоқсанның 22-сі күні 16 сағат 00 минутта Балқаш өзенінің «Горняк» демалу орнының маңында балық аулап жүрген 5 балықшыны көл бетінен ажыраған мұз, Алматы облысының шекарасына дейін (Қаратал ауданы) ағызып әкеткен.
Балықшыларды іздеп-табуға Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «МИ-171» үлгісіндегі бір тікұшағы, «РОСО» мемлекеттік мекемесінің 3 құтқарушысы, «ЦМК» ММ-нің маманы, Балқаш қаласының «СП және АСР» мемлекеттік мекемесі жеке құрамының 8 адамы және 3 техникасы, сондай-ақ Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 12 адамы мен 2 техникасы жұмылдырылды.
Іздестіру нәтижесінде, желтоқсанның 23-і күні 11 сағат 50 минутта барлық бес балықшы табылды. 43 және 54 жастағы олардың екеуін әкеткен мұз Жалғызағаш қыстағының маңына дейін ығыпты. Денсаулық жағдайлары қанағаттанарлық.
Қалған үш балықшы «Горняк» демалу орнынан оңтүстік-шығысқа қарай 19 шақырым жерде тікұшақтың көмегімен табылды. Үсік шалып қайтыс болған 45 жастағы азаматтың денесі мен 40 және 21 жастағы азаматтар тікұшақ бортына тиелді.
«12.40 минутта тікұшақ Балқаш қаласының әуежайына қонды. Зардап шеккендердің барлығы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді», - деп атап өтті баспасөз қызметінен.