Балқаш көлінің жағасында байкерлердің V Халықаралық фестивалі өтеді
АЛМАТЫ. 11 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Шілденің 15-17 күндері Балқаш көлінің жағасындағы "Тұлпар" демалыс үйінде V Халықаралық байкерлер фестивалі болады. Оны "KZ BIKE" және "CUSTOM SOUND" қоғамдық бірлестіктері бірлесіп ұйымдастыруда.
"Балқашты сақтаймыз" деген ұранмен өтетін бұл шара ТМД елдері тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып отыр. Бағдарламада рок-топтардың концерті, түрлі байқаулар, мотокросс, квадроцикл, Балқаш қаласындағы байкерлер шеруі, қалыңдықтар шеруі және каскадерлардың көрсетілімі жоспарланып отыр.
Былтыр бұл шара 16-18 шілде күндері "Балқаш-Нұрсая" туристік-сауықтыру орталығында өткен еді. "Нұр Отан" ХДП-ның қолдаумен өткен фестиваль кезінде орталықтың алғашқы кезеңі іске қосылып, киіз үй қалашығы ашылған болатын. Жалпы, өткен 4 жылдың ішінде фестивалге қатысушылар ауқымы кеңейіп, ТМД елдерімен қатар Германия, Австрия, Польша, Чехия, Италия, АҚШ, Австралия, Жапония сияқты алыс шет елдерді де қамтыған еді.