Балқаш тұрғындары жылу үшін 113 млн теңге артық төлегені анықталды
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі Балқаш қаласының жылумен қамту кәсіпорнының директорына қатысты қылмыстық іс қозғады. Ол атқарған қызметіне немқұрайлық танытты деп айытпалуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Белгілі болғандай, «Балқаш жылу» компаниясы Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті бекіткен инвестициялық бағдарламаны орындамаған. Жылумен жабдықтау мен жаңғыртуға 116 миллион теңгеден астам қаржы салынған. Алайда тексеру қорытындысы бойынша инвестициялық бағдарламаның 98% орындалмағаны анықталды, Осылайша Балқаш тұрғындарының шығыны 113 миллион теңгеден асқан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін жеке тұлғалар мен ұйымдар үшін жылу энергиясына тариф 300 теңгеге дерлік төмендетілді. Бұрын ол гигакалория үшін 3 143 теңге болатын. Енді 80 мың балқаштық алдағы жылыту маусымында өз қаражатын үнемдей алады.
«Тергеу барысында «Балқаш жылу» жылу беру ұйымына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Осыған байланысты Табиғи монополияларды реттеу департаментіне жылу энергиясына негізсіз жоғары тарифті төмендетуге ұсыныс жолдадық. Қарастыру нәтижесі бойынша өтемдік тариф енгізілді», - деп түсіндірді Қарағанды облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының орынбасары Марғұлан Мұқашев.