Балқаш ұлғайып жатыр: Тораңғалық курорт кенті қала аумағына қосылады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында Балқаш қаласының шекарасы ұлғайып жатыр. Қалаға Ақтоғай ауданына қарасты Тораңғалық кенті қосылады. Бұл көптен күткен өзгеріс курорттық ауылды дамытуға және туристердің демалысын жайлы етуге мүмкіндік береді.
Бұл шешімді облыстық мәслихат депутаттары кезекті үшінші сессияда қабылдады.
«Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласының әкімшілік-аумақтық құрылысына мынадай өзгеріс енгізілсін: Ақтоғай ауданының Тораңғалық ауылдық округі жойылсын, кейіннен оның аумағы Балқаш қаласының әкімшілік бағынысына енгізіле отырып, оны есептік деректерден алып тасталсын», - делінген құжатта.

Экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева барлық заңды рәсімдер жүргізілгенін атап өтті.
Бұған дейін Балқаш қаласының шекарасын өзгерту туралы үкіметтік қаулы шыққан болатын.
«Шешім Тораңғалық ауылдық округіндегі жылжымайтын мүлік объектілерін тіркеу рәсімдерін жүргізу үшін әкімшілік реттеуді шешу мақсатында ұйғарылды», - деп түсіндірді Татьяна Аблаева.