Балқашта «Асықтар» мүсіні пайда болды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Балқаш қаласында жаңа көрнекті орын пайда болды. М. Хамзин атындағы Мәдениет сарайының жанында «Асықтар» скульптуралық туындысы орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ірі көлемді бес асық шыны талшықтан жасалған. Әрқайсысының салмағы - 30 келі, ұзындығы - 1,5 метр. Асықтар жерге тасталу кезегімен жасалған. Алдымен алшы, артынан тәйке, одан кейін шік орнатылған.
Алшы - асықтың иірілгенде тегіс табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған бірінші дәрежелі мән беріледі. Тәйке - асықтың иірілгенде шұңқырлау табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ол екінші дәрежелі мәнге ие. Бүк - асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі. Ол үшінші дәрежелі мәнге ие. Шік - асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі. Ол төртінші дәрежелі мәнге ие.
