Балқашта экс-полицейге бұрынғы әйелін ұрып-соқты деген күдік келтіріліп отыр
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Балқаш қаласында бұрынғы полиция қызметкерінің экс-жұбайына күш қолданғаны туралы оқиға қоғамда алаңдаушылық туғызды. Оқиға әлеуметтік желі арқылы жария болғаннан кейін көпшіліктің назарын аударды.

Оқиға жәбірленушінің туысы әлеуметтік желіде жариялаған жазбадан кейін белгілі болды. Онда 4 мамыр күні таңғы сағат 4:00-дер шамасында ер адамның бұрынғы әйелінің үйіне кіріп, ұрып-соғып, тұншықтырғаны баяндалады.
«Ол үйге баса-көктеп кіріп, әпкемді тұншықтырып, ауыр соққыға жықты. Денесіне көптеген жарақат келтіріп, өміріне қауіп төндірді. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр. Соған қарамастан, күдікті медициналық мекемеге еш кедергісіз кіріп, қорқытып жүр. Бүгінге дейін бостандықта», – делінген жәбірленушінің әпкесі жариялаған Instagram парақшадағы жазбада.
Жақындарының айтуынша, жәбірленуші оқиғадан кейін екі сағат өткенде – 4 мамыр күні таңғы 6-да полицияға ресми арыз берген. Алайда туыстарының сөзінше, жағдай әлі күнге дейін өзінің заңды бағасын алған жоқ. Олар оқиға жарияланбаса, әділдікке қол жеткізу қиын болады деп есептейді.
Аталған дерек бойынша Қарағанды облысы Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Балқаш тұрғыны бұрынғы күйеуінен таяқ жегені туралы шағым түсірді. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің тиісті бабымен іс тіркелді. Күдікті – бұрынғы полиция қызметкері – анықталып, полиция бөліміне жеткізілді», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Полицияның хабарлауынша, жанжал мүлікке қатысты дау салдарынан туындаған болуы мүмкін. Жәбірленуші тараптың 4 маусымда ресми арыз жазғаны нақтыланды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу шеңберінде оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған шаралар қолға алынған.
«Заң бәріне ортақ. Ешкімнің қызметтегі лауазымы да, жеке байланыстары да жауапкершіліктен жалтаруға негіз бола алмайды. Бұл іс Қарағанды облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деді департаменттің ресми өкілі Бақытжан Құдияров.
Осыған дейін Түркістан облысында бірден 28 полицей жазаланғанын хабарлаған болатынбыз.