Балқашта Халықаралық волонтерлер форумы өтті
АСТАНА. KAZINFORM - 19-20 маусым күндері Балқаш қаласында Халықаралық волонтерлер форумы өтті.
Іс-шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы және Balkhash Tour Fest 2026 фестивалі аясында ұйымдастырылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, форумға Қазақстан, Әзербайжан, Үндістан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстаннан келген волонтерлік ұйымдардың өкілдері мен жастар көшбасшылары қатысты.
Іскерлік бағдарлама аясында қатысушылар волонтерлік қозғалысты дамыту, БҰҰ-ның тұрақты даму мақсатын іске асыру және халықаралық жастар ынтымақтастығын нығайту мәселелерін талқылады.
Форум бағдарламасында экологиялық бағытқа ерекше мән берілді. Климат тақырыбындағы танымдық іс-шараларға өтіп, үздік волонтерлік жобалармен таныстырылды. Сонымен қатар аумақтарды тазалау және ағаш отырғызу акциялары ұйымдастырылды.
Жастардың қоғамдық белсенділігі мен волонтерлік қозғалыстың дамуына арналған «Балқаш жолбарыстары» шағын сәулет нысанының салтанатты ашылуы іс-шараның маңызды сәттерінің біріне айналды.
Форумның екінші күні «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті. Оның аясында қатысушылар Балқаш көлінің жағалауын тазалау, қалдықтарды сұрыптау, экоқоқыс жәшіктерін орнату және су сапасын бақылау жұмыстарымен айналысты. Сондай-ақ қонақтарға Балқаштың балықтар әлеміне арналған көрме ұсынылды.
Іс-шара соңында қорытынды шығарылып, белсенді волонтерлер марапатталды.
Жиынды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қарағанды облысының әкімдігі ұйымдастырды.
Осыған дейін жеті елдің волонтерлері Балқаш көлінің жағалауын тазартқаны туралы жаздық.