Балқашта мейрамхана қоймасынан қолдан жасалған 17 мың бөтелке арақ табылды
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат - Балқашта полиция қызметкерлері 17 мың бөтелке контрафактілік арақ тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ауыр қылмыстарды ашу бойынша кешенді іс-шара жүргізді.
Оның барысында Балқаш қаласындағы мекемелердің бірі контрафакт ішімдік сатумен айналысатыны туралы ақпарат түсті.
Полиция қызметкерлері Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерімен бірлесіп қаладағы мейрамханалардың бірінің қоймасында ішімдік затын сату фактісін анықтады.
Қоймаға жүргізілген тінту барысында 852 қорап арақ немесе жалған есептік-бақылау нөмірімен 17 040 бөтелке тәркіленді.
Оқиға орнында 25 жастағы күдікті ұсталды.
Сондай-ақ ұсталған азаматтың үйіне жүргізілген тінту кезінде аңшы шолақ мылтығы табылып алынды.
Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне тіркелді.
Қазіргі уақытта ішімдік өнімін жеткізушіні, контрафакт алкоголь қайда сатылғанын, сондай-ақ қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмысы жүріп жатыр.
Фото: polisia.kz