Балқашта полицейлер мас жүргізушінің көлігінен мылтық пен оқ-дәрі тапты

БАЛҚАШ. ҚазаАқпарат – Балқаш полицейлері қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тасымалдайтын мас жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Балқашта полицейлер мас жүргізушінің көлігінен мылтық пен оқ-дәрі тапты

29 қазан күні Балқаш қалалық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлері Алматы – Екатеринбург тасжолында қызметте болған. Таңертеңгі сағат 05:00-дер шамасында олар мемлекеттік нөмірі жоқ «Toyota Land Cruiser» автокөлігін тоқтатпақ болды.

Алайда жүргізуші олардың заңды талабына бағынбай, полицейлер оның ізіне түсіп, ақыры қолға түсіреді. Автокөлікті басқарған 37 жастағы Алматы тұрғынынан алкогольдің исі мүңкіп тұрған.

Көлік құралын тексеру кезінде полиция қызметкерлері екі ұңғылы аңшылық мылтығын және соққы жасауға ыңғайлы металл затты тапты.

Осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар құқық бұзушы көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.