Балқашта жаңа AIR-112 тікұшағы кезекшілікке кірісті
АСТАНА. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Балқаш қаласында жаңа AIR-112 авиациялық-құтқару жасағының жұмысына ресми түрде старт берді.
ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, тәулік бойы кезекшілікке адамдарды іздестіру және құтқару, санитариялық авиация, әуе мониторингі және төтенше жағдайларға ден қою міндеттерін орындайтын тікұшақ кірісті.
Авиациялық-құтқару жасақтарын құру және мамандарды әлеуметтік қолдау бағдарламасын іске асыру аясында AIR-112 авиациялық-құтқару жасағының командирі Абай Қоржынбайға қызметтік пәтердің кілті табысталды.
Жаңа бөлімшенің жұмысымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты. Тікұшақты орналастыру үшін экипаж бен әуе кемесінің тәулік бойы жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ететін жаңартылған авиациялық база дайындалды.
— Балқашта авиациялық жасақтың құрылуы ТЖМ-нің AIR-112 авиациялық қызметін дамыту және ел аумағында авиациялық-құтқару бөлімшелерінің желісін кеңейту жөніндегі жұмысының бір бөлігі болды, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын ШҚО орманындағы өрт ошағына тікұшақпен 39 тонна су төгілгенін жаздық.