Балқашта жол полициясының қызметкері қызу жүргізушіден 30 мың теңге пара алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Балқаш қаласының жол-патрульдік полициясы рота бөлімінің командиріне спирттік ішімдік ішіп, көлік басқарған жүргізушіден пара алғаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Балқашта жол полициясының қызметкері қызу жүргізушіден 30 мың теңге пара алды

«Сотта мәлім болғанындай, командир қызмет бабында жүргендігіне қарамастан алкогольдік ішімдік ішіп алып көлік басқарған жүргізушіден әкімшілік хаттама толтырмау үшін 30 мың теңге көлемінде пара талап еткен. Заң бұзған азаматтың қаржысы болмауына байланысты олар сол күні өзара кездесетін болып келіскен», -деп хабарлады Балқаш қалалық сотының өкілдері.

Алайда, жүргізуші келісілген соманы уақытында бермеген. Командир болса, ақша талап етіп, оған бірнеше рет телефон шалған. Полиция қызметкері пара талап етуді қоймаған соң жүргізуші сыбайлас жемқорлықпен күрес органдарына пара алу әрекеті бойынша хабар берген.

«Келесі күні жүргізуші командирмен келісіп, оған 30 мың теңге көлемінде пара беріп, полиция қызметкері қылмыс үстінде қолға түсті. Сот оны кінәлі деп тауып, оған 1 млн 800 мың теңге көлемінде айыппұл салады және мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте, мемлекеттік органдар мен мекемелерде қандай да бір лауазымды қызмет атқаруға тыйым салды»,-деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.