Балқаштағы колониядан қашу оқиғасы алдын-ала жоспарланған әрекет - Қылмыстық- атқару жүйесі комитетінің басшысы

АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - Балқаштағы колонияда орын алған, бірақ жүзеге аспай қалған қашу оқиғасы алдын-ала жоспарланған әрекет, деп санайды Қылмыстық- атқару жүйесі комитетінің басшысы Сұлтан Құсетов.

Балқаштағы колониядан қашу оқиғасы алдын-ала  жоспарланған  әрекет  -  Қылмыстық- атқару жүйесі комитетінің басшысы

«Оларды қашуға дайындаған сыбайластары әбден болуы мүмкін. Қашу әрекетінің жоспарланғаны айдан анық»,- деді С.Құсетов бүгін брифингте. Қашуды ұйымдастырушылардың кім екендігі қазір анықталып жатқанын айтқан комитет басшысы, оларға қару-жарақты сырттан, колонияның қоршау дуалы арқылы тастауы мүмкін екенін айтты. «Тексеру кезінде бақылау-із кесу жолағында лақтырылған қару-жарақтың іздері табылды. Сол жерден скотч, лента, киім-кешек сияқты тағы біраз заттар табылды»,- деп хабарлады С.Құсетов.

Комитет басшысы сондай-ақ, колониядан қашу әрекетіне діни экстремистердің қатысы болу-болмауы ықтималдығына қатысты өз пікірін білдірді.

«Бұл оқиғаға экстремистердің қатысы болғанын негіздейтін әзірге ешқандай айғақ жоқ. Ұзақ мерзімге сотталған қылмыскерлердің түрмеден қашқысы келетіні қалыпты жайт», - деп түсіндірді С.Құсетов.

Дегенмен, өздерін жарып жіберу кезінде қаза болған тұтқындардың бірі «дәстүрлі емес діни ағымды жақтаушы» ретінде есепте тұрғанын қуаттады.

Комитеттің ақпараты бойынша, еліміздің колонияларында осындай ағымдарды жақтаушы 100-ге жуық адам жазаларын өтеп жатқан көрінеді.