Балтық теңізіндегі арал аукционда 60 мың еуроға сатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Кезінде ГДР-дің әскери-теңіз базасы ретінде пайдаланылған Балтық теңізіндегі жасанды арал аукционда 60 мың еуроға сатылды, деп хабарлайды DW.
Жаңа иесі ерекше нысанды мәдени іс-шаралар мен үйлену тойларын өткізуге арналған алаңға айналдыруды жоспарлап отыр.
Сауда-саттық Гамбург қаласында өтті. Аукционға 1954 жылы 600 қазықтың үстіне салынған, ауданы 250 шаршы метр болатын қараусыз қалған бетон платформа шығарылған.
Аукцион ұйымдастырушыларының айтуынша, нысанға қызығушылық күткеннен де жоғары болған. БАҚ-та жарияланғаннан кейін әлеуетті сатып алушылардан күн сайын жүздеген қоңырау түскен.
Аралдың бастапқы бағасы 39 мың еуро болған. Сауда-саттықтың 20 кезеңі нәтижесінде оның құны 60 мың еуроға дейін көтерілді.
Аукцион жеңімпазы McCube компаниясы болды. Австриялық компания модульдік құрастырмалы үйлер шығаруға маманданған.
Компания басшысы Оливер Пезендорфер аралда мәдени және ойын-сауық кеңістігін құру мүмкіндігін қарастырып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ нысанды үйлену тойларын және басқа да салтанатты іс-шараларды өткізу үшін пайдалану жоспарланған.
Бұған дейін Қытайдың Шанхай қаласында әлемдегі алғашқы кез келген ауа райында терең теңіз зерттеулерін жүргізуге арналған жүзбелі «жасанды арал» ғылыми платформасы іске қосылғаны хабарланған еді.
Сондай-ақ Эйфель мұнарасының бір бөлігі аукционда 450 мың еуроға сатылды.