Балуан Қазыбек Қалмағамбетов Словакиядағы әлем чемпионатының финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының өкілі Қазыбек Қалмағамбетов Словакияның Братислава қаласында өтіп жатқан U20 әлем чемпионатының финалына жолдама алды, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.
Спортшы 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль үшін күреседі.
Жартылай финалда Қазыбек Венгрия өкілі Петр Житовозды 7:5 есебімен жеңді.
Оның финалдағы қарсыласы — Беларусь өкілі Михаил Марковский болмақ.
Шешуші белдесу бүгін, 18 тамызда өтеді.
Айта кетейік, бұған дейін 77 келіге дейінгі салмақта үшінші орын үшін өткен белдесуде Еркебұлан Анапия Иран өкілі Амир Саеди Навадан жеңіліп, әлем чемпионатын бесінші орынмен аяқтаған еді.
Бұған дейін Әлинұр Төлеуғали грек-рим күресінен U17 әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанын жазғанбыз.