Балуан Шолақтың 150 жылдығы кең көлемде тойланса игі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Балуан Шолақтың 150 жылдығы кең көлемде тойланса игі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Қожақан Жабағиев аталмыш мерейтойға орайластырылған ауқымды іс-шаралардың орындалуына ықпал етуді сұрады.
Сауал барысында депутат биыл қазақтың халық композиторы, дала циркінің негізін қалаушы, ұлттық ат спортының түрлі тәсілін жаңғыртушы, өнерпаз, жауырыны жерге тимеген алып күш иесі Балуан Шолақтың дүниеге келгеніне 150 жыл толатынына тоқталды. Оның айтуынша, Балуан Шолақ заманында қазақ ән өнерінің тамаша орындаушысы, насихатшысы бола жүріп, өзі де ән шығарып, қазақтың әншілік өнерін өркендетуге үлкен үлес қосқан композитор. Балуан Шолақтың 20-ға жуық әні болғанымен, бүгінгі күні олардың халық арасында насихатталуы төмен. Ақындық қыры мүлде зерттелмеген. Тіпті, Балуан Шолақтың өмірбаяны жөнінде де зерттеулер әлі күнге дейін нақтыланбаған.
«Қазақ руханияты ғана емес, мәдениетінің де қалыптасуында зор орны бар тұлғаның дүниеге келген жері мен қайтыс болған жылына қатысты әртүрлі деректер айтылады. Сондай-ақ, Балуан бабамыздың өз ұлты үшін жасаған күрескерлік қайраткерлігін қазіргі ұрпақтың біле бермейтіні қынжылтады. Балуан Шолақтың ұлт-азаттық көтерілісіндегі орны да анықталмаған. Ол туралы ұлтымыздың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесінде және белгілі жазушы-драматург Дулат Исабековтың «Жаужүрек» атты туындысында айтылады. Дегенмен, бұл жеткіліксіз», - деді Қ. Жабағиев.
Осы орайда, депутат ұлт тарихы үшін қымбат әрі қайталанбас ірі тұлға Балуан Шолақтың өмірбаянын, шығармашылығын толық зерттеп, лайықты бағасын беру Елбасының Жолдауында айтылған жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен дамытуда үлкен рөл атқаратынын атап өтті.
«Сондықтан да, Балуан Шолақ Баймырзаұлының 150 жылдығына орай бірқатар шаралардың орындалғаны игі болар еді. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайының алдында Балуан Шолақтың ескерткішін орнату, Ақмола және Жамбыл облыстарында Балуан Шолақтың мерейтойына орай іс-шаралар өткізу, Астана немесе Алматы қалаларында Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру, қайраткер тұлға туралы көркем және деректі фильм түсіріп, республикалық телеарналарда көрсету», - деді депутат Қ. Жабағиев.