«Балық қабыршақты» бала елге оралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ихтиоз дертіне шалдыққан Жасұлан Қорғанбек Израильден оралды. Тель-Авив қаласында бір ай емделіп келген балақайдың қазіргі жағдайы жақсы. Ол денесін басқан қабыршықтан құлан-таза айығып кетпесе де, терісі сексен пайызға жаңарған.

«Балық қабыршақты» бала елге оралды

Толығымен жазылмауының себебі - тұқым қуалайтын бұл аурудың әзірге емі жоқ екен. Сондықтан шетелдік дәрігерлер оның терісін түрлі жақпа майлардың көмегімен ылғалдандырған.

«Соның арқасында Жасұлан өзін сергек сезініп, суға да еркін шомылатын болды», - дейді анасы. Алайда, ем-дом шаралары мұнымен аяқталған жоқ. Енді екі айдан кейін Жасұлан анасымен бірге тағы да аталмыш елге барып, қосымша тексерістен өтеді. «Баламның қан құрамынан бір ген жетіспейтіндігі анықталды. Оны орнына келтіру үшін емді жалғастыратын боламыз. 15 күн іш құрылысын емдеді. Соңғы кезде жүрегі әлсіреп, жиі соғатын. Соның бәрін зерттеді, ем жүргізді», - деді Жасұланның анасы Ұлбибі Ықыласова. Айықпас ауруға шалдыққан бес жасар балақайдың шетелге шығып ем қабылдауына жанашыр жандар қол ұшын созған еді. Соның арқасында Жасұланның есепшотына сегіз миллион теңге жиналып, шетелге аттанған болатын. Бұл қаржыдан артылған бір миллион теңгені анасы алдағы уақытта дәрі-дәрмек алуға жұмсамақшы, деп хабарлайды Жетінші арна.