Балық өлетін өлі сумен сусындап жүрміз

АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат - Су - тіршілік нәрі. Адам сусыз өмір сүре алмайды. Ғалымдардың айтуынша, адам организмі 86 пайыз судан тұрады екен.

Балық өлетін өлі сумен сусындап жүрміз

Егер организмде судың мөлшері азайса, онда адам әртүрлі ауруға шалдығады. Статистикаға жүгінсек, әлемдегі барлық аурулардың 85 пайызы сумен байланысты көрінеді. Ал жыл сайын 25 млн адам сумен таралатын аурулардың салдарынан көз жұмады екен. Бұл туралы «Алаш айнасы» газеті жазады (авторы - Қалдар Бердібекұлы).

Бүгінгі таңда халықтың ішіп отырған суының сапасы әртүрлі. Бір жерде су тұзды, екінші жерде суда хлордың мөлшері көп, енді бір жерде су құбырларының ескіруіне байла­нысты су лас т.с.с. Сондықтан да қа­зір­гі таңда қалтасы көтергендер сүз­гіден өткізіліп, тазартылған ішімдік суын сатып алып пайдаланғанды жөн көреді немесе үйде шүмектен ағып тұрған суға сүзгі орнатады. Бүгінде сүз­гі­ден өткізілген су сататын, «сүзгі ор­натып, суыңызды таза етіп береміз» деп, сүзгісін мақтап, қызметін ұсы­нып, үйіңіздің есігін қағып тұратын фирмалардың да қатары көбейген. Сондай-ақ бүгінгі таңда көптеген мекемелер қызметкерлері үшін сүзгіден өткізіліп, тазартылған суды күнделікті сатып алып отырады. Алайда сол сүзгіден өткен судың пайдасы мен зияны жайлы бәріміз біле бермейміз.

Мамандардың айтуына қара­ғанда, табиғи ішімдік суының құра­мында адам ағзасына қажетті түрлі микроэлементтер мен минералдар болады.

Ал бүгінгі күні көптеген кәсіп­кер­лердің сүзгіден өткізіп сатып отырған суында адам ағзасына қажетті түрлі микроэлементтер мен минералдар жоқ. Яғни ол - өлі су. Ондай судың адамға пайдасы жоқ. Бірақ зияны да жоқ екен. Сүзгіден өткізілген суды сатумен айналысатын кәсіпорын маманының айтуына қарағанда, ұңғы­мадан (скважинадан) су алып пайд­а­ла­натын кәсіпкерлер некен-саяқ. Көптеген кә­сіп­орындар суқұбыры арқылы келіп тұр­ған суды пайдаланады.

«Мұндай суды ұзақ жылдар пай­далану адамды түрлі ауруға шалдықты­руы мүмкін» дейді дәрігерлер. Өйткені адам ағзасына қажетті әртүрлі нәрлі заттар су арқылы беріледі екен. Ал аквариумист мамандар мұндай суда балықтардың тіпті бір тәулік тіршілік ете алмайтынын айтады.

«Егер аквариумге сүзгіден өткізіліп, тазартылған суды құйсаңыз ондай ортада балық тіршілік ете алмайды. Өйткені тазартылған суда балықтың тіршілік етуіне қажетті кальций, фос­фор, кадмий, күміс, алюминий т.б. нәр­лі заттар қалмайды», - дейді аквариумист Артем Соловьев.

Дәрігерлердің айтуына қарағанда, құрамында нәрлі заттар жоқ суды үнемі пайдалану ішек, асқазан, буын ауруларын туғызады екен.

Дәрігерлік кеңес:

Адам организмі бір тәулікте шамамен 1,5-2 литр су жоғалтады. Сондықтан адам күніне сонша су iшіп отыруы қажет. Жалпы, организміндегі су құрамының тепе-теңдігін сақтау үшін адам дене салмағына қарай бір килограммға 30-40 грамм су ішуі керек. Таңертең бір стакан су ішуді әдетке айналдырған дұрыс. Зиянды микроорганизмдер болмауы үшін суды қайнатып ішкен абзал. Қайнаған судың құрамындағы кальций, магний сияқты элементтер - ағзаға ерекше пайдалы. Қайнатылған қатты су жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алуда пайдалы. Тұзды су зиян. Тұзды су ағзаны сусыздандырады және қан қысымының көтерілуіне ықпал етеді. Сондай-ақ таңертең тұрғанда мұздатқыштағы суық суды да ішуге болмайды. Таңертең аш қарынға суық су ішу ішектің, асқазанның жұмысын тежеп, ауру пайда болуына себепші болуы ықтимал. Ең дұрысы, таңертең тұрғанда үй температурасымен бірдей қайнаған су ішкен жөн.