Балық ресурстарына қол сұғудың алдын алу шарасы барысында 56 қылмыстық іс қозғалып, 50 тонна балық тәркіленді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрлік таратқан мәліметтер бойынша, аталмыш шараны тәртіп сақшылары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен және Кедендік бақылау комитеті және балық қорғау саласының қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген. Шараға 400 қызметкер мен 58 техника, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары Ішкі істер департаменттерінің 8 жүзу құралы, Атырау қаласына көшірілген ішкі әкердің 32 қызметкері тартылған. Шара барысында басты назар балық пен балық өнімдерін сатудың, саудалаудың және осы мақсатта тасымалдаудың алдын алуға бағытталды.
Каспий теңізінің солтүстік бөлігін бақылау мақсатында тікұшақ техникасы қолданылған. Ал мамырдың 13-і күні рейд тобының жұмысы барысында 16 әзірбайжандық азамат мінген 2 кеме ұсталды. Кемені тексеру барысында одан 2,2 тонна бекіре тұқымдас балықтар мен 94 балық аулауға арналған құралдар табылды. Аталмыш әрекет бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жалпы операция барысында тәртіп сақшылары заңсыз айналымнан 50 тонна балық тәркіледі. Оның 4 тоннасы бекіре тұқымдастар. Сондай-ақ 1 мың 363 балық аулайтын құралдар мен 104 жүзу құралы табылды. 56 қылмыстық іс қозғалып, оның 45-і сотқа жолданды. Әкімшілік жауапқа 790 құқықбұзушы тартылып, 3 миллионнан астам теңгеге айып салынды. Шара барысында анықталған заң бұзу әрекеттерінен келген шығын 19,5 миллион теңгені құрады.