Балық шаруашылығы комитетінің бұрынғы төрағасына қатысты іс сотқа тапсырылды

АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Немқұрайлық жасады деп айыпталып отырған ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің бұрынғы төрағасы Ромашов пен оның орынбасары Шуткаравтың ісі сотқа тапсырылды.

Балық шаруашылығы комитетінің бұрынғы төрағасына қатысты іс сотқа тапсырылды

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Оның атап өтуінше, аталған лауазымды тұлғалардың немқұрайлығы салдарынан 2010 жылғы наурыз бен мамыр аралығында Атырау облысының 9 балық аулау кәсіпорны қолданыстағы заңнаманы бұза отырып, Жайық өзенінде балықтың көшу жолында әрі уылдырық шашу маусымында 518 млн. теңгенің балық ресурстарын аулағандығы тергеу барысында анықталып отыр. Бұл елдің биоресурстарына айтарлықтай залал келтірумен қатар, балықтардың кейбір түрлерінің санының азаюына немесе мүлде жойылуына жол беруі мүмкін.

"Қылмыстық іс материалдары ағымдағы жылғы 27 қазанда Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотына жолданды», - деді ресми өкіл.